Олжас Абраев Оралда
Жазғы трансферлік маусым бірден қызды. Клубтар керек футболшыларын шақыртуда. Міне, 13-турда "Ақтөбе" және "Қайсар" командаларының жеңіске жетуіне жаңа ойыншылары сүбелі үлес қосты.
Тур қорытындысы бойынша турнир кестесінің жоғарғы сатысындағы командалар арасындағы бәсеке қайта жандана түсті. Өз ойынын түзде өткізген ел чемпионы күтпеген жерден Қызылорданың "Қайсарынан" жеңіліп қалды. Есесіне, бас бапкерін ауыстырған қызылордалықтар ақырындап ұпай жинай бастады.
Ел біріншілігінің күміс жүлдегері "Жетісу" мен "Астана" арасындағы кездесуде жеңімпаз анықталмады. Өткен жылдың қола жүлдегері "Ақтөбе" соңғы минуттарда ғана "Сұңқардың" қақпасына жеңіс голын соға алды.
Алматыда өткен "Қайрат" пен "Ертіс" арасындағы текетіресте гол соғылмады. Ал "Ордабасы" бір гол айырмашылығымен "Оқжетпестен" басым түсті.
Өз алаңында "Атыраудан" жеңілген "Тараз" турнир кестесіндегі 3-орынды Оралдың "Ақжайығына" босатты. Өз кезегінде оралдықтар биылғы жылдың көшбасшысы Қостанайдың "Тобылын" жеңді. Қостанайлықтар ойын тізгінін қолдарына алып, алаң иелерінің қақпасына қауіпті сәттерді бірінен соң бірін ұйымдастырғанымен "Ақжайық" қақпашысы Антон Цирин бұл сынақтан сүрінбей өтті. Айтпақшы, "Ақжайық" биыл бірінші рет қонақтарды Петр Алоян стадионында қабылдады.
Оралға іс-сапарымда "Ақжайық" басшыларымен кездестім. Айта кетейік, оралдықтар биылдыққа ең соңғы болып өз алаңында доп тепті. Ашығын айтайық, стадионның жасыл желегі де, инфрақұрылымы да көз қуантты. Әлбетте, кемшіліктер де жоқ емес. Алайда стадион әкімшілігі бұл олқылықтардың барлығының орнын толтырамыз деп сендірді. Клуб басшыларымен кездесу де, қызметкерлерімен әңгімелесу де, бәрі-бәрі жақсы көңіл күйде өтті. Әрқайсысы өз жұмыстарын жетік білетін мамандар. Кездесу барысында кейбір проблемалық мәселелерді де атап өттік. Бұл тұрғыда клуб басшылығы оның барлығын түзеуге уәде берді. Айта кетерлігі, клубта балалар және жасөспірімдер футболы дұрыс жолға қойылған. Бас бапкер Йозеф Шкрлик бастаған мамандар резервтерді даярлауға жоғары көңіл бөлуде. Жанкүйерлермен жұмыс жағы да көз қуантты. “West Front Ultras” жанкүйерлер тобы арнайы «Ақжайық» футбол клубы үшін құрылған екен. Олардың өз клубын қаншалықты жақсы көретінін матч барысында сезіндім. Иә, барлық клубтар жанкүйерлермен жұмыс жасауды басты орындарға қою керек. Бұл тұрғыда "Ақжайық" басшылығына тек жақсы баға беруге болады.
Ендігі іс-сапарым Қостанай қаласында жалғасады.