KZ
KZ RU
23 мамыр 2012 19:49

Олжас Абраевтың "Ақтөбеге" іс-сапары

23 мамыр 2012 19:49

Қазақстан чемпионатының 11-туры аясында Ақтөбе қаласында болып, "Ақтөбе" - "Атырау" матчын тамашаладым. Сондай-ақ, жергілікті клубтың басшылығымен кездестім. 


Іс-сапарымның бірінші күні "Ақтөбе" клубының резервтік алаңдары болып табылатын екі стадионның жағдайымен таныстым. Оның біріншісі "ОДЮШОР № 8» — жасанды алаңды, жылыту жүйесі қондырылған стадион. Екіншісі — Ақтөбе облысы Олимпиада резервтерін даярлау орталығының стадионы. Мұндағы алаң жанға жайлы, табиғи. 1300 көрерменге арналған трибунасы бар. Бүгінде ол жаттығу алаңы ретінде пайдаланылуда. Әлбетте, аймақта мұндай стадиондардың болғаны қуантпай қоймайды.


Сонымен, "Батыс дербиі" аталып кеткен ойын өте тартысты өтті. Өкінішке қарай, стадион алаңының жағдайы керемет емес. Дегенмен стадион директоры Демеуов мырзаның айтуынша, жақын уақытта бұл олқылықтың орнын толтырмақ екен.


Өкінішке қарай, атақты "13 сектордың" фанаттарын көре алмадық. Оның себебі, жанкүйерлер мен стадион әкімшілігі келіспей қалып, жігіттер стадионға кіре алмапты. Матчтан кейін менің "Твиттеріме" оларды стадионға күштеп кіргізбей қойғандары туралы хат келіп түсті. Стадион дирекциясы бұған сылтау тапты. Дегенмен, қайткен күнде де бұл стадион дирекциясы мен клуб әкімшілігінің жіберген қателігі деп түсінеміз. Және де алдағы уақытта бұл жайт енді қайталанбауы тиіс.


Бәлкім, клубтың бұл фанаттарға арттар кінәлары да бар шығар. Өйткені, жанкүйерлерінің өрескелдіктері үшін клуб бірнеше мәрте айыппұл төлеуге мәжбүр болғанын білеміз. Бірақ, қайткен күнде де футбол — жанкүйерлер үшін екенін ұмытуға болмайды. Оларға да көңіл бөліп, олармен де жұмыс жасай білу керек. Жанкүйерлер - футболдың ажырамас бір бөлшегі.


Сонымен, ертеңінде клуб басшылығымен жүздесіп, біраз сұрақтар мен алдағы жоспарлар жайын талқыладық. Облыс әкімі Мұхамбетовтың футболға көңіл бөліп, аймақтағы аяқ доп өнерінің дамуына өз үлесін аямай қосып жатқаны қуантты.


Ал клуб менеджментіне айтарым — жанкүйерлермен жұмыс жасауды ұмытпау керек. Сондай-ақ, баспасөз қызметі мен маркетинг жайын да қатар алып жүрген дұрыс. Бір қуантқаны, клуб басшылығы кемшіліктерін біледі және сол олқылықтардың орнын толтыруға тырысуда. Клуб пен стадион арасындағы өзара қарым-қатынаста да кедергілер бар екен. Алайда, менің жазбаларымды оқып жүрген оқырмандар білетін болар. Бұл проблема еліміздің көптеген клубында да бар.


Клуб пен стадион — бір механизм екенін түсінетін кез жетті ғой. Олар өз алдарына қойылған міндетті бірге атқарулары керек. Ал клуб пен стадионның көзқарастары әртүрлі болса, онда ойыннан да, ұйымдастыру жұмыстарынан да береке кетеді.


Баспасөз қызметі мен маркетинг бөлімдерінің жоспарлары керемет. Кездесу барысында клубтың ел біріншілігі мен еурододадағы ойындарының трансляция жағын да ақылдастық. Клуб басшылығы да еурокубок ойындарын трансляциялау керек екенін түсінеді. Ал чемпионаттағы ойындарын телеарнадан көрсету мәселесі Премьер-лига клубтары басшылығының жиналысында тағы бір мәрте талқыдан өтеді. Өйткені, техникалық тұрғыда проблемалар жоқ емес.


Алдағы жұма күні "Хабар" агенттігі мен "Қазақстан" РТРК өкілдерімен кездесіп, еурокубок матчтарын трансляциялау мәселелері бойынша ақылдасамыз. Ал 12 тур аясында мен 26-27 мамыр күндері "Сұңқар" клубының басшылығымен кездеспекпін.


Олжас Абраев, ҰФЛ директоры