Олжас Абраевтың Талдықорғанға іс-сапары
Сапардан алған әсерім әркелкі. Футболдың дамуына жасалып жатқан жағдай көңіл көншітерлік болғанымен, одан да жақсы болғанын қалайсың. Айта кетейік, әңгіме өткен жылы күміс жүлдегер атанып, бүгінде Қазақстанның намысын еурододада қорғайтын клуб туралы болып тұр.
Бәрін ретімен бастайық. Маусым басындағы сәтсіз ойындарына байланысты клуб басшылығы толығымен өзгерген. Жаңа бапкер тағайындалды. Қазіргі таңда клуб құрамын жаңа футболшылармен толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі де команданың турнир кестесіндегі жағдайына әсер етіп жатқан жайы бар.
Енді инфрақұрылымы туралы аз-кем. "Жетісу" 5500 көрерменге арналған ыңғайлы стадионы бар. Өкінішке қарай, биыл стадионда көрермендер саны күрт азайып кетті. "Ақтөбемен" болған ойында да адам аз жиналды. шамасы бұл клубтың маусым басындағы сәтсіз ойындарына байланысты болса керек. Еуропа лигасының алдында қонақтарды қай стадионда қабылдау мәселесі көтерілді. Соған байланысты "Жетісу" стадионын арнайы тексерген инспекция халықаралық матчтарды қабылдауға стадионның УЕФА талаптарының минималды стандарттарына сай келетінін жеткізді. Енді жергілікті жанкүйерлер Еуропа лигасының "Лехке" қарсы қарымта кездесуінде командаға қолдау білдіреді деген үміттеміз.
"Жетісу" футбол клубы дубльдік құрамының ойындары өтетін аренаның халі өте мүшкіл. Балпық бидегі "Оңғаров" стадионына аймақ басшылығы назар аудармаса болмайды. Трибунасының да, алаңның да деңгейі өте төмен. Дегенмен, құрылыс барысында жаңа заман талабына сай екі жасанды алаң бар. Олардың бірі "Жетісу" стадионының жанында орналасқан. Клубқа қажет кезде қолданылады. Екіншісі қаланың орталығында. Бүкіл жұртшылыққа қол жетімді болмақ. Бұл алаңның төбесі жабық болмақ. Сондықтан, Талдықорғанда күз-көктем жүйесіне көшу мәселесі шешімін табуда.
Ендігі менің іс-сапарым Ақтөбе қаласында жалғаспақ. Клубтағы жағдайдың қаншалықты өзгергенін, стадион мен жанкүйерлер арасындағы қарым-қатынастың қалайша реттелгенін көретін боламыз.
Клубтарымызға Еурододада сәттілік тілеймін!