KZ
KZ RU
02 наурыз 2020 13:01

Қостанай қаласында ҚКФЛ Жалпы жиыны өтті

02 наурыз 2020 13:01

Суперкубок ойыны қарсаңында Қостанай қаласында Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының Жалпы жиыны өтті.

Жиынға қатысушыларды күн тәртібінде маңызды сұрақтар күтіп тұрды. Қазақстандық футбол клубтарының директорларымен жаңа ұсыныстар мен өзгерістер енгізілді. Жалпы жиында қабылданған шешімдер кейін Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетінің отырысында бекітілді.

Жаңа маусымнан бастап Премьер-лиганың басты демеушісі «OLIMPBET» букмекер компаниясы болмақ. Келісімшарт үш жылға жасалып, Қазақстан Чемпионатының ресми атауы - «OLIMPBET – футболдан Қазақстан Чемпионаты» болып өзгереді. Биылдан бастап Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы Премьер-лиганың ойындарына делегаттарды жібереді. Олар жарыс ережелерін сақтау бойынша ойындарды ұйымдастыруға қатысты жауап беретін ресми тұлғалар болады. Футболдағы теріс құбылыстарға жол бермеуге бағытталған Институт делегаттары қызметін Қазақстан Футбол федерациясының инспекторлар қызметімен бірге атқарады.
 
Сонымен қатар, футбол клубтарының бірінші жетекшілері қабылдаушы тараптың ойынды қосалқы стадионға ауыстыру мәселесін 30 күннен қалдырмай Лигаға ұсыныс жасауы жөнінде регламентке енгізу жөнінде келісімге келді. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының әкімшілігі өзгерістерді енгізу бастамасын қонақ команданың шығынын қысқартып, логистика жүйесін оңтайландыру мақсатында көтерді.
 
Ойыншыларды тіркеудің екінші мерзімінен бастап легионер ойыншылардың жас ерекшеліктеріне қойылатын шектеулер алынып тасталады. Футболшылардың құжаттарын қабылдаудағы қазіргі ереже бойынша Қазақстан және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдердің азаматтарының жас ерекшелігі 1989 жылдан жоғары болмауы тиіс.
 
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының мүшелерінің қатарына Қаратау қаласының «Игілік» және Түркістан облысының Ордабасы ауданының «Темірлан» командалары ресми түрде қосылды.
 
Басқосуға жиналғандар Екінші лиганың қатысушылар құрамын да бекітті. 2020 жылғы Біріншілікте 21 команда сынға түседі: «Ақсу», «Игілік», «Рузаевка», «Темірлан» клубтары мен  «Оңтүстік академиясы», «Ақтөбе», «Алтай», «Астана», «Атырау», «Еrtis», «Жетісу», «Қайсар», «Каспий», «Қызыл-Жар СК», «Қыран», «Оқжетпес», «Ордабасы», «ОБЖСОРМ №8», «Тараз», «Тобыл», «Шахтер» футбол клубтарының жасөспірім командалары.
 
Жиын соңында еліміздегі кәсіпқой футболды дамыту мен кеңінен танымал етуге, сонымен қатар ұйымдастыру жұмыстарына елеулі үлес қосқаны үшін «Тобыл» футбол клубының директоры Николай Панин мен «Ордабасы» футбол клубының директоры Бақтияр Байсейітов «ҚКФЛ құрметті қайтаркері» атағына ие болды. Лиганың имиджін қалыптастыруда орасан үлес қосқан тәжірибелі қызметкерлерге естелік медальдар табыс етілді.
 
«Жиынның басты тақырыптарының бірі легионер ойыншыларға қойылған жас ерекшеліктері бойынша шектеуді алып тастау болды. Әртүрлі көзқарастар мен ұсыныстар тыңдалып, қолдаған және қарсы болған тараптардың позициялары сараланып, Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының мүшелері көпшіліктің дауысы бойынша ортақ шешімге келді. Ол – екінші тіркеу мерзімінде жас ерекшеліктеріне қойылатын шектеудің алынуы. Сол себепті легионерлер мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары саналатын футболшыларды тіркеу кезеңінде жас ерекшеліктері бойынша  талап тең болады.
 
Делегаттар институтын енгізу ойындарды ұйымдастыру деңгейін жақсарту мақсатынды енгізілді. Кездесуді ұйымдастыруға қатысты сұрақтардың барлығына делегаттар жауап береді. Ал, инспекторлар өздерінің басты міндеттері – төрешілер тобының жұмысын бағалайды. Жұмыстың екіге бөлінуі – матчты ұйымдастыру сапасы мен деңгейін көтеруге себеп болады», - деді Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының жетекшісі Олжас Абраев.