KZ
KZ RU
10 шілде 2024 10:00

Отандық клубтар еурокубок жорығын бастайды

10 шілде 2024 10:00

Осы аптада Қазақстан клубтары үшін жылдың басты бәсекесі саналатын еурокубоктағы алғашқы матчтарын өткізеді.

 

2023 жылы OLIMPBET QFL Премьер-лигасында алғаш рет чемпион атанған «Ордабасы» клубы Чемпиондар лигасының бірінші кезеңінде Молдова біріншілігінің жеңімпазы «Петрокубпен» кездеседі. Бұл команда да «Шерифтің» гегемониясын тоқтатып, тұңғыш рет ел чемпионы атанып отыр. Ойыншыларының басым бөлігі жергілікті футболшылардан жасақталған. Transfermarkt cайтының мәліметтеріне сәйкес, «Петрокуб» ойыншыларының құны 6,08 миллион еуроға бағаланса, «Ордабасының» құрамы 11,05 миллион еуроны құрайды. Сондықтан шымкенттіктер фаворит ретінде бағаланады.

 

Қазақстан мен Молдова клубтарының жолдары еурокубокта 4 мәрте түйісіп, біреуі ғана біздің пайдамызға шешілген.

 

2002 жыл. Чемпиондар лигасы. 1-ші іріктеу раунды

«Шериф» - «Жеңіс» - 2:1, 2:3

2008 жыл. Чемпиондар лигасы. 1-ші іріктеу раунды

«Ақтөбе» - «Шериф» - 1:0, 0:4

2009 жыл. Еуропа лигасы. 1-ші іріктеу раунды

«Зимбру» - «Оқжетпес» - 1:2, 2:0

2009 жыл. Еуропа лигасы. 2-ші іріктеу раунды

«Милсами» - «Ақтөбе» - 4:2, 0:3

 

«Ордабасы» - «Петрокуб» арасындағы бірінші ойын 10 шілде күні кешкі 20:00-де Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өтеді.

 

Ал, 11 шілде күні OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының чемпионы «Тобыл» екінші деңгейлі турнир саналатын Еуропа лигасының бірінші кезеңінде Словакия кубогының чемпионы, ішкі біріншілікті 5-орынмен аяқтаған «Ружомберкпен» күш сынасады. Transfermarkt cайтының мәліметтеріне сәйкес, «Ружомберк» ойыншыларының құны 7,05 миллион еуроға бағаланса, «Тобылдың» құрамы 7,75 миллион еуроны құрайды. Командалар еурокубокта тұрақты түрде өнер көрсетеді. «Ружомберк» 2017 жылы Еуропа лигасының 3-раундына дейін жетіп, Англияның «Эвертонына» есе жіберсе, былтыр Конференция лигасының 2-ші кезеңінде Латвияның «Ригасына» жол берген.

 

Қазақстан мен Словакия клубтарының жолдары еурокубокта 5 мәрте кездескен. Алайда, келесі кезеңге словакиялық командалар өткен.

 

2002 жыл. УЕФА кубогы. 1-ші іріктеу раунды

«Атырау» - «Матадор» - 0:0, 0:2

2005 жыл. Чемпиондар лигасы. 1-ші іріктеу раунды

«Қайрат» - «Артмедиа» - 2:0, 1:4

2007 жыл. УЕФА кубогы. 1-ші іріктеу раунды

«ВиОн» - «Алматы» - 3:1, 1:1

2011 жыл. Чемпиондар лигасы. 2-ші іріктеу раунды

«Слован» - «Тобыл» - 2:0, 1:1

2021 жыл. Конференция лигасы. 3-ші іріктеу раунды

«Тобыл» - «Жилина» - 0:1, 0:5

«Ружомберок» - «Тобыл» арасындағы бірінші кездесу бейсенбі күні Қазақстан уақытымен 22:00-де сырт алаңда өтеді.

 

Сонымен қатар, 11 шілде күні үшінші деңгейлі Конференция лигасының бірінші кезеңінде «Ақтөбе» клубы Босния және Герцеговина чемпионатын 4-орынмен аяқтаған «Сараевомен» өзара мықтыны анықтайды. Transfermarkt cайтының мәліметтеріне сәйкес, «Сараево» ойыншыларының құны 12,30 милллион еуроға бағаланса, «Ақтөбенің» құрамы 9,60 млн еуроны құрайды. Қонақтардың бас бапкері Зоран Зекич бұған дейін Албания чемпионы «Партизаниды» баптап, 2023 жылы Конференция лигасының плей-оффында «Астанаға» қос матчтың қорытындысы бойынша 1:2 есебімен жеңілген.

 

Қазақстан мен Босния және Герцеговина клубтарының жолдары еурокубокта 5 мәрте түйісіп, біреуі ғана біздің пайдамызға шешілген.

 

2010 жыл. Еуропа лигасы. 1-ші іріктеу раунды

«Тобыл» - «Зриньски» - 1:2, 1:2

2013 жыл. Еуропа лигасы. 2-ші іріктеу раунды

«Ертіс» - «Широки Бриег» - 3:2, 0:2

2017 жыл. Еуропа лигасы. 1-ші іріктеу раунды

«Широки Бриег» - «Ордабасы» - 2:0, 0:0

2019 жыл. Еуропа лигасы. 1-ші іріктеу раунды

«Широки Бриег» - «Қайрат» - 1:2, 1:2

2022 жыл. Конференция лигасы. 3-ші іріктеу раунды

«Зриньски» - «Тобыл» - 1:0, 1:1

«Ақтөбе» - «Сараево» арасындағы бірінші кездесу бейсенбі күні 20:00-де Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы стадионда өтеді.

 

Ал, «Астана» клубы Конференция лигасын 2-ші раундында бастап, «Торпедо-БелАЗ» (Беларусь) – «Милсами» (Молдова) жұбының жеңімпазымен 25 шілде күні жолығады.

 

Айта кетейік, еурокубок ойындарына байланысты OLIMPBET QFL Премьер-лигасы және 1ХВЕТ QFL Лига кубогы матчтарының уақыты өзгертілді. 13-14 шілде күндеріне жоспарланған 14-турдағы «Ордабасы» - «Тұран», «Атырау» - «Ақтөбе», «Тобыл» - «Қызылжар» ойындары кейінге ауыстырылса, 4 тамыз күні өтуге тиіс болған 16-турдағы «Тобыл» - «Шахтер» кездесуі 28 қыркүйекке шегерілді. Сондай-ақ 1ХВЕТ QFL Лига кубогының 3-турындағы «Астана» - «Шахтер» матчы 20 шілдеден 19 шілде күнге жылжыды.

 

Qazaqstan Football League барлық отандық клубтарға сәттілік тілейді!