Отандық клубтардың еурокубоктардың келесі кезеңіндегі ықтимал қарсыластары анықталды
Бүгін, 19 шілдеде Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңінің және УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Аталмыш жарыстарда төрт қазақстандық клуб өнер көрсетеді.
Жеребе қорытындысы бойынша еліміздің қазіргі чемпионы «Қайрат» өткен маусымдағы Сербияның ең мықты клубы «Црвена Звезданы» ұтқан жағдайда, келесі кезеңде «Алашкерт» (Армения) – «Шериф» (Молдова) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Бір қызығы, аталмыш жұптарда жеңілген командалар Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде бақ таласады.
Елордалық «Астана» грекиялық «Арис» командасын өткен жағдайда, келесі кезеңде КуПС (Финляния) – «Ворскла» (Украина) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Тағы бір Украина чемпионатының өкілі - «Колос» клубы – қарағандылық «Шахтермен» кездесуі мүмкін, бірақ ол үшін «кеншілерге» Румынияның беделді клубы «Стяуаны» ұту қажет.
Қостанайлық «Тобыл» екі ойын қорытындысы бойынша хорватиялық «Хайдукты» өтсе, УЕФА Конференциялыар лигасының келесі кезеңінде «Аполлон» (Кипр) - «Жилина» (Словакия) жұбының жеңімпазы қарсылас атанады.