KZ
KZ RU
18 ақпан 2016 15:03

Премьер-лига клубтарының бақылау ойындарындағы нәтижелері

18 ақпан 2016 15:03

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының ресми сайты клубтар апта ішінде өткізген жолдастық матчтардың шолуын жасады.

Астана

Астаналықтар соңғы жеті күннің ішінде Түркияда екі ойын өткізді. Станимир Стойлов шәкірттері жұма күні Босния және Герцеговинадағы «Сараево» клубын 3:2 есебімен жеңді. Сол матчта «Астана» сапында Алексей Щеткин, Рохер Каньяс және жаңадан келген ойыншы Джордже Деспотович мергендіктерімен танылды.

Екі күннен кейін Қазақстанның екі дүркін чемпионы Словенияның «Мариборымен» ойнады. Бұл ойында да астаналықтар жеңіске жетті. Голдардың авторлары – Серікжан Мұжықов және Джордже Деспотович.

Қайрат

Премьер-лиганың күміс жүлдегері Түркияда апта ішінде екі ойын өткізді. Бауыржан Исламхан және Жерар Гоудың көмегімен «Қайрат» молдавиялық «Милсами» клубын 2:0 есебімен жеңді.

Келесі ойын «Астанамен» ойнаған «Сараево» клубымен өтті. Алматылықтар 3:1 есебімен жеңді. Дубльдің авторы Жерар Гоу. Тағы бір доп Исаэльдің есепшотында.

Ақтөбе

Басқа клубтар сияқты «Ақтөбе» де Түркияда ОЖЖ өткізуде. 12 ақпан күні Грузияның «Сиони» клубымен кездесті. Осы ойында қазақстандықтар 4:0 есебімен жеңді. Голдардың авторлары: Дидар Жалмұқан, Исламбек Күлекенов және екі доп соққан ресейлік ойыншы Никита Бочаров.

Сейсенбі күні Юрий Өткелбаев шәкірттері украиналық «Заря» клубына 0:3 есебімен ұтылды.

Ордабасы

Шымкенттіктер апта ішінде үш ойынды өткізуге үлгерді. Бірінші қарсыласы сербиялық «Напреднакты» Бақтияр Байсейітов шәкірттері 2:1 есебімен жеңді. Голдарды соққан Савио Нсереко және Азат Нұрғалиев.

Келесі ойында «Ордабасы» 23 жасқа дейінгі Гана құрамасымен кездесті. Осы матчта да шымкенттіктер жеңді, есеп – 3:1. Екі голдың авторы Дәуренбек Тәжімбетов. Тағы бір допты Савио Нсереко соқты.

Үшінші ойынды «Ордабасы» Белоруссияның «Белшина» клубымен өткізді. Қарсыластардың алғашқы голды соққанына қарамастан, қазақстандықтар жеңісті тарта ала білді. Есеп – 2:1.

Атырау

Оқу-жаттығу жиынында атыраулықтар жиі бақылау ойындарын өткізуде. 11 ақпан күні Словакияның «ВиОн» клубымен кездесу өтті. Осы ойын тең есеппен аяқталды – 1:1.

Келесі ойында да «Атырауға» қарсы словакиялық клуб шықты. «Спартак» командасымен ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Жеті күннің ішінде Владимир Никитенко шәкірттері өзінің үшінші ойынын украинылық «Александрия» клубымен ойнады. Осы матчта есеп ашылған жоқ.

Ертіс

Павлодарлықтар Түркиядан оралып, демалыс күндерін өткізді. Бүгін команда тағы да Түркияға аттанып, жаңа маусымға дайындықтарын жалғастырады.

Тобол

Қостанайлық команда өткен аптаның ішінде бір ғана ойын өткізді. «Тобол» легионерлер құрамасымен кездесіп, 4:0 есебімен жеңіске жетті. Қос голдың авторы Томаш Шимкович. Тағы осы ойында Сергей Хижниченко және Сергей Яворский мергендіктерімен танылды. 

Оқжетпес

Өткен аптада Владимир Муханов шәкірттері австриялық «Лустенау 07» клубымен кездесті. Ойын тең нәтижемен аяқталды – 1:1. Қазақстандақтар сапында Олександр Чижов гол соқты.

Тараз

Жамбылдықтар Премьер-лига клубтарының арасында шетелдік оқу-жаттығу жиынына ең соңғы болып аттанды. Бүгінгі күнгі соңғы ойын сербиялық «Ягодина» клубымен өтті. Матч сербиялықтардың жеңісімен аяқталды. Есеп - 2:1.

Шахтер

«Кеншілер» өткен жеті күннің ішінде екі ойын өткізді. Боснияның «Широки Бриег» командасына Нұрмат Мырзабаев 0:2 есебімен жеңілді. Келесі ойында Тәжікстанның «Истиклол» клубымен тең түсті. Есеп - 2:2. «Шахтердың» сапында голдарды соққандар: Фернандо және Кенетаев.

Жетісу

Алмас Құлшынбаев шәкірттері Түркияда тағы екі ойын өткізді. Әуелі талдықорғандықтар болгариялық «Верей» клубына жеңілді – 1:2. Содан кейін Петропавлдың «Қызыл-Жар» клубымен тең ойнады – 1:1. Голды соққан Душан Савич.

Ақжайық

Премьер-лигаға оралған оралдықтар өткен сенбі күні Норвегияның «Асане футбол» клубын 3:0 есебімен жеңді. Қос голдың авторы Олег Хромцов. Тағы бір голды Руслан Валиуллин соқты. Сәрсенбі күні «Ақжайық» Молдавияның «Заря» клубымен кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті.