KZ
KZ RU
17 қаңтар 2019 16:20

Премьер-лига клубтарының оқу-жаттығу жиындарына шолу

17 қаңтар 2019 16:20

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы отандық футбол клубтарының оқу-жаттығу жиынындағы соңғы хабарларымен таныстырады:

 
«Астана»
 
Роман Григорчук жетекшілігмен «Астана» командасы Біріккен Араб Әмірлігінде алғашқы оқу-жаттығу жиынын бастады. 20 жастағы жартылай қорғаушы Бактиер Зайнутдинов ресейлік «Ростовтың» қатарын толықтырды. Жиынға шақырылғандардың арасында жас футболшылар бар: Сұлтан Сағнаев, Владислав Прокопенко, Владислав Саенко, Лев Скворцов, Жасұлан Қайыркенов, Рамазан Кәрімов және Талғат Кусяпов. Елордалық ұжым алғашқы жолдастық матчын 24 қаңтар күні жергілікті чемпионаттың жеті дүркін жеңімпазы «Аль Васла» командасымен өткізеді.
 
 
«Қайрат»
 
«Қайрат» жаңа маусымға дайындықты Алматыда жалғастырып жатыр. Сенбі күні «Қайрат Жастар» командасымен жолдастық ойын жоспарланған. Ал, 22 қаңтарда Түркияға он екі күнге созылатын оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін жол тартады. Екі ойын белгіленген: 30 қаңтарда – ресейлік «Чайка», 1 ақпанда босниялық «Вележ».
 
 
«Тобыл»
 
Өткен маусымның қола жүлдегері Түркияда екі ойын өткізіп үлгерді. Алғашқы ойында венгриялық «Аквитал» командасымен 1:1 есебімен тең түсті. Қостанайлықтардың қатарында көзге түскен Азат Нұрғалиев. Екінші кездесу тең аяқталды. Әзірбайжандық «Сабах» командасымен өткен ойында 2:2 есебі тіркелді. Жас футболшылар Темірлан Әмірғазы мен Дмитрий Загвосткин гол соқты. Үшінші ойын 20 қаңтарға жоспарланған. Қарсыласы – венгриялық «Ньиредьхаза» футбол клубы.
 
«Ордабасы»
 
«Ордабасы» командасы жаңа маусымға дайындықты Шымкенттегі «БИІК» футбол орталығының базасында бастады. Аптаның басынды шымкенттік клуб қатарына үш жаңа ойыншының қосылғанын хабарлады. «Тобылдың» қақпашысы Дмитро Непогодов пен қорғаушысы Марат Быстров және «Астана» шабуылшысы Алексей Щеткин. Команда 20 қаңтар күні Түркияның Анталия қаласына жол тартады. Төрт қарсыластың атауы белгілі – ресейлік «Зенит-2», өзбекстандық «Әндіжан», болгариялық «Славия» және сербиялық «Пролетер».
 
 
«Қайсар»
 
Түркияда дайындық өткізіп жатқан қызылордалық клуб алғашқы жолдастық матчын 22 қаңтар күні өткізеді. Украиналық «Олимпик» қарсылас атанады. Сонымен қатар, «Қайсар» жаңа ойыншысын таныстырды. Ол - Түркияның «Бурсаспор» командасында ойнаған Аруба құрамасының 30 жастағы жартылай қорғуашысы Джон Аруба.
 
«Жетісу»
 
Жетісулықтар Түркия жағалауында екі жолдастық матч өткізді. Бірінші ойында Чехияның «Словацко» командасымен ойнап, 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Екінші кездесуде әзірбайжандық «Сумгаитпен» тең тарқасты – 1:1. Келесі ойын 19 қаңтарда венгриялық «МТК» командасымен өтеді.
 
 «Ақтөбе»
 
«Ақтөбе» футболшылары 11 қаңтар күні Жерорта теңізінің жағалауына жетіп, жаңа маусымға дайындықты бастады. «Ақ-қызылдар» алғашқы ойында румыниялық «Сепси» командасымен кездесіп, 1:3 есебімен жол берді. Қарсыластың қақпасына жалғыз голды соққан Александр Симчевич. Ақтөбеліктер 20 қаңтарда болгариялық «Септември» командасымен ойнайды, үш күннен соңы венгриялық «Шиофокпен» кездеседі.
 
«Шахтер»
 
Қарағандылық «Шахтер» дайындығын албаниялық «Кукеси» командасымен бастады. Кеншілер қарсыластарына 0:2 есебімен жол берді. Келесі кездесу 19 қаңтарға белгіленген. Қарсыласы – венгриялық «Ньиредьхаза».
 
«Атырау»
 
«Атырау» дайындықты 4 қаңтарда бастады. Мұнайшылардың қатарын үші ойыншы толықтырды. Сербиялық сұрмерген Дарко Бьедов, хорватиялық шабуылшы Йосип Иванчич және қызылжарлық қорғаушы Андрей Шабаев. Виктор Кумыков командасы алғашқы ойында ресейлік «Ростовқа» есе жіберді – 0:1. Екінші ойынын ресейлік «СКА-Хабаровск» командасымен өткізеді.
 
«Ертіс»
 
Түркияға ат басын тіреген «Ертіс» қарсыластарының есімдерін жариялады. Алғашқы қарсыласы – македониялық «Вардар». Ойын 19 қаңтарда өтеді. Бір күннен соң Димитар Димитров командасы ресейлік «Балтикамен» ойнайды. Павлодарлық ұжымның қатарын бір футболшымен толықты. Ол – 27 жастағы франциялық ойыншы Жереми Манзорро.
 
«Оқжетпес»
 
Премьер-лигаға жолдама алған көкшетаулық команда қорғаушы Илья Калинин және қақпашы Давид Лориямен келісімшартқа отырғанын хабарлады. Алғашқы ойында «Оқжетпес» швейцариялық «Сьоннан» сүрінді – 0:2. Екінші ойын венгриялық «Аквиталмен» өтеді.
 
«Тараз»
 
Шымкентте екі апта жаттыққан «Тараз» футболшылары дайындықты Түркияда жалғастырды. «Тараз» алғашқы кездесуде Тунис елінің «Зитуни» командасын 7:0 есебімен жеңді. Вахид Масудов командасы келесі ойынын 20 қаңтар күні Румынияда өткізеді.