KZ
KZ RU
27 мамыр 2013 13:35

Премьер-лиганың 13-туры. Бапкерлердің көзімен

27 мамыр 2013 13:35

"Астана" - "Ордабасы" 0:1
Виктор Пасулько, "Ордабасы" футбол клубының бас бапкері:

- Бүгін командамды қалай мақтасам да жарасады. Әсіресе бірінші таймда өте жинақы ойнап, қарсы қақпаға талай қауіпті шабуылдар ұйымдастырдық. Дегенмен, екінші таймда ойын тізгінін қолымыздан шығарып алдық. Әйтеуір, жеңісті есепті ұстап тұру үшін допты қалай болса солай, алға қарай тебе бердік. Иә, жігіттерді де түсінуге болады. Қатарынан екі рет жеңіліп қалған футболшыларым осы жолы қалай да жеңіске жеткісі келді. Не десек те, "Ордабасы" бүгін жеңіске лайықты болды. Ал алаң иелері қауіпті мүмкіндіктерді өзіміздің қателіктерден кейін ұйымдастырып жатты.

Мирослав Беранек, "Астана" футбол клубының бас бапкері:
- Осындай ойын боларын сезіп едім. "Ордабасыға" қарсы ойнау әрдайым қиын. Олар қарқынды ойнайды. Ал біз өз мүмкіндіктерімізді голға айналдыра алмадық. Екінші таймда гол соғатын біраз мүмкіндіктеріміз болған еді. Тіпті, қонақтарды қыспаққа алып, әбден састырдық. Бірақ футболда гол соқпасаң, жеңіске жетпейсің.


"Ақтөбе" - "Ақжайық" 2:0
Погос Галстян, "Ақжайық"
футбол клубының бас бапкері:
— "Ақтөбені" жеңісімен құттықтаймын. Өте керемет команда. Көш бастауы кездейсоқтық емес. Бірақ менің футболшыларым да бүгін намысты қолдан берген жоқ. Ойыншыларымның қалай ойнағандарына көңілім толады. Жылдам гол жіберіп алғандарына қарамастан жігіттерім соңына дейін тырысты. Екінші таймда есепті теңестіретін мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ, әттеген-ай, доп қақпаға кірмей қойды. Егер тым болмағанда бір гол соға алғанымызда ондай ойын тіптен тартысты болар еді. Кездесудің соңына таман орталық қорғаушы Хлебоунды да алға шығардым. Шабуылға көмектессін деген ойым болды. Бірақ "Ақтөбе" футболшылары артқы шебіміздің ашық қалғанын пайдаланып кетті де, қақпамызға тағы бір гол соқты.

Владимир Никитенко, "Ақтөбе" футбол клубының бас бапкері:
- Жеңіске жеттік, Әйтсе де, ойын өте ауыр болды. "Ақжайық" оңы мен солын ажырата алатын өте шебер команда. Үш жыл бойы бұл ұжымды жеңе алмай келдік. Оның үстіне, бұған дейін екі кездесуімізді түзде өткіздік. Қарағандыда "Шахтермен" кездескенімізді білесіздер. Сол ойыннан кейін футболшыларымның біразы шаршаңқырап қалды. Бір жағынан сол да бар шығар, әйтеуір өкінішке қарай, жанкүйерлер талап еткендей, ірі есеппен жеңе алмадық. Сауатты қорғанғанымызбен шабуылда өткірлік жетіспей жатты. Дегенмен, қанша қиын болса да, бар өнерлерін көрсетіп, жеңіске жете білген жігіттеріме алғысым шексіз.


"Атырау" - "Қайрат" 1:1
Владимир Вайсс, "Қайрат"
футбол клубының бас бапкері:
- Несін айтайын, өте ауыр ойын болды. Өткен турда біздің қақпамызға соңғы минутта гол соғылып жеңіліп қалдық. Осы жолы өзіміз соңғы минутта есепті теңестірдік. Одан бөлек талай гол соғатын мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ тең есепке өкпе жоқ.

Миодраг Радулович, "Атырау" футбол клубының бас бапкері:
- Жеңісті қолдан жіберіп алғанымыз өте өкінішті. Өткен үш турда ұпай ала алмадық қой. Жігіттерде бүгін де сондай қорқыныш болған тәрізді. Жеңісті ұстап қалу үшін барын салды. Бірақ қолдан келмеді. Оның үстіне, өздеріңіз де білесіздер командамыздың тең жартысы жарақат алып қалған. Сондықтан, өз ойынымызды әлі де таппай жүрміз.


"Ертіс" - "Шахтер" 2:2
Виктор Кумыков, "Шахтер"
футбол клубының бас бапкері:
- Жарақаттарына байланысты бірнеше ойыншымыз саптан шығып қалды. Араларында  Василевич, Лунин, Симчевич сынды саңлақтар да бар. Сондай-ақ, Көкеев те ауырып қалды. Сондықтан, тең нәтиженің өзіне де шүкір.

Талғат Байсуфинов, "Ертіс" футбол клубының бас бапкері: :
- Жеңе алмай жүрміз. Жанкүйер қауым да "Алға!" деп командаға барынша қолдау білдіруде. Өзім де жігіттерге "Алға!" деп айқайлап жатырмын. Бірақ бірнәрсе жетіспей тұр. Бүгін соңына таман қонақтарды әбден қыстық. Нәтиже шықпады. Шынын айтсам, айтарға сөзім де жоқ. Рас, қақпамызға гол жіберіп алсақ, көп ұзамай теңестіреміз. Бірақ бірінші болып гол соғу дегенді ұмыттық. Сіздерге бірінші тайм ұнады ма? Ал маған мүлдем ұнаған жоқ. Жігіттер шаршаңқы сияқты көрінді. "Чемпиондар лигасының финалын қарамаңдар! Ұйықтап, демалыңдар" деп айттым. Тыңдамады. Ұйқылы-ояу жүрді. Тек қақпамызға екінші гол соғылғанда ғана оянды.


"Жетісу" - "Восток" 0:0
Владимир Фомичев, "Восток"
футбол клубының бас бапкері:
- Екі команданың шеберлік деңгейі де, әлеуеті де бірдей. Бірінші таймда ойын тізгіні алаң иелерінің қолдарында болды. Бірақ олар да, біз де гол соғатын шабуылдар ұйымдастыра алмадық. Екінші таймның бас жағы өзім күткендей-ақ алаң иелерінің қарқынды шабуылдарымен өрбіді. Алайда кездесудің соңына таман жағдай қайта теңелді. Тең есепке өкпем жоқ.

Омари Тетрадзе, "Жетісу" футбол клубының бас бапкері:
- Қысқа ғана айтайын: әріптесіммен толық келісемін. Ойын тең жағдайда өтті. Өкінішке қарай, жеңіс голын соға алмадық.