Премьер-лиганың 13-туры. Кім не ұтты?
«Ақтөбе» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдаған болатын. Бір қызығы, айбынды «Ақтөбенің» дәл осы Орал клубына 2010 жылдан бері азуы батпай жүрген. Бірақ қазіргі «Ақжайық» былтырғыдай емес. Қарызға белшесінен батып, жалақыларын уақтылы ала алмай келген футболшыларының көңіл күйлері сынық. Аш бала тоқ баламен ойнаушы ма еді? Алайда «Ақжайық» футболшылары тасы өрге домалап тұрған көшбасшымен ойнады. Бірақ ұтылып қалды.
«Ақтөбемен» үзеңгі қағыстырып, екінші орында келе жатқан «Астана» бұл турда өз алаңында ұтылып, пұшайман болды. «Ордабасы» елордалықтар үшін қолайсыз қарсылас болғалы қашан. Дәл осы «Ордабасы» клубына есе жіберіп, опық жеп жүргені бұл ғана емес. Әсіресе тасқамал қақпашысы Ненад Эричтің туған күнінде ұтылып қалғандары қисынсыз-ақ болды. Ал көш соңына түсіп қалған «Ордабасы» клубына команданы серпілдірер осындай жеңіс қажет-ақ еді.
Сүреңсіз ойындарымен маусым басында жанкүйерлерін жасытқан «Шахтер» енді екпін алып келеді. Соңғы турларда үй демей, түз демей қоржынына ұпай салып жүр. Бұл турда «Ертіспен» кездесті. Бірақ төрт бірдей белді ойыншысы алаңға шыға алмады (Көкеев, Васильевич, Лунин, Симчевич). Әйтсе де ерке Ертіс жағасынан бір ұпай еншілеп қайтты. Таразы басын екі мәрте теңестірген «Ертіс» те бір ұпайға қуанбаса, өкінбес. Айтпақшы, осы матчта Павел Шабалин 11-метрлік айып соққысын орындап, кеншілердің қақпашысы Александр Мокиннен айласын асыра алмады. Бірақ кері қайтқан допқа бірінші болып жетіп, қақпаға тоғытты. Осылай өз айыбын өзі түзеп-өтеді.
«Қайрат» Жайық жағасында ұтылып жатып, қосымша минуттарда есепті теңестірді. Сондықтан матч барысында басымдық танытса да, тең түскендеріне шүкіршілік ететіндей. Ал осы ойында әртүрлі себептермен бірнеше ойыншысы алаңға шықпаған «Атырау» жеңісті уысынан шығарып алғанына өкінеді, әрине.
«Тараз» тағы ұтылды. Жеңіп жатып матч соңында өз қақпасынан екі мәрте доп қармап, сөзден де тұтылды. Ал «Тобыл» кежегесі кейін тартқан «Таразды» ұтып, осы жеңісінің арқасында бірер саты жоғарылады.
«Жетісу» мен «Восток» арасындағы ойында мүлде есеп ашылған жоқ. Қаражаттан қағажу көріп жүрген «Жетісу» деңгейі өзінен төмен болмаса, жоғары емес Өскемен клубына тісін батыра алмады.