KZ
KZ RU
20 маусым 2018 12:16

Премьер-лиганың 14-турының үздіктер құрамасы

20 маусым 2018 12:16

Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы 2018 жылғы маусымдағы Премьер-лиганың он төртінші турындағы үздіктер құрамасын назарларыңызға ұсынады:

Құрама ҚКФЛ серіктесі InStat компаниясының ойындарды сараптау көрсеткіштерінің негізінде құрылған.

Өткен турдың қорытындысы бойынша үздік он бір ойыншының тізімі келесідей:

Қақпашы: Дмитро Непогодов, «Тобыл»

«Тобылдың» табысты ойынына үлес қосқандардың бірі - Дмитро Непогодов. Украиналық қақпашы үш рет қауіпті соққыны қайтара алды. Оларды алаң иелерінің шабуылшылары Предраг Сикимич пен Бабатунде Аденидже бағыттаған болатын. Ойын индексі – 254.

Сол жақ қорғаушы: Дмитрий Шомко, «Астана»

«Ертіспен» өткен кездесуде Дмитрий Шомко кезекті рет қорғаныс пен шабуылда белсенді қимылдады. Пастарының дәлдігі – 68 пайыз. Ойын индексі – 230.

Орталық қорғаушылар: Марин Аничич, «Астана»; Евгений Постников, «Астана»

Елордалық ұжымның қорғаушысы Марин Аничич жақсы ойын өткізді. Ол допқа таластың 73 пайызында жеңіске жетті. Босниялық футболшы Роман Муртазаевтың гол соғуына көмектесті. Пастарының дәлдігі – 95 пайыз. Ойын индексі – 317.

«Ертіске» қарсы  Евгений Постников те тәуір нәтиже көрсетті. Оның қорғаныстағы барлық көрсеткіштері жақсы. Пастарының дәлдігі де жоғары – 94 пайыз. Ойын индексі – 254.

Оң жақ қорғаушы: Абзал Бейсебеков, «Астана»

Абзал Бейсебеков ойынның басынан соңына дейін жақсы ойнап шықты. Матчтан кейін қапталдағы қорғаушының  статистикасы: дәл пастары – 81 пайыз, допқа талас - 6, қараусыз қалған допты иелену – 7, қарсыластан допты тартып алу – 13. Ойын индексі – 252.

Орталық жартылай қорғаушы: Милан Радин, «Ақтөбе»

«Ордабасымен» болған ойында Милан Ради шабуылға жиі араласты. Сонымен қатар, қорғаныстағы қызметтерін ұмытқан жоқ.  Төрт рет тамаша дриблинг қолданып, пастарының дәлдігін 81 пайызға жеткізді. Оның «зеңбіріктің оғындай» тепкен добы жанкүйерлер жадында қалды. Ойын индексі – 272.

Сол жақ жартылай қорғаушы: Роман Муртазаев, «Астана»

Жеке шеберлігі мен ойындағы ынта-жігерінің арқасында Роман Муртазаев екі гол соғып кездесудің қаһарманы атанды. Футболшы өткен турдағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Ойын индексі – 337.

Шабуылдаушы жартылай қорғаушы: Азат Нұрғалиев, «Тобыл»

«Тобыл» капитаны «Атырау» қорғанысының зәресін қашырды. Позицияны жақсы таңдау арқылы Азат Нұрғалиев қарсыластың қақпасына үш рет тура соққы бағыттады. Оның екеуі голға айналды. Ойын индексі– 242.

Оң жақ жартылай қорғаушы: Марин Томасов, «Астана»

 Марин Томасов елордада «Ертіспен» өткен кездесуде ойынды қолға алып, қарсыластарын 13 рет оп-оңай алдап өтті. Қақпаға бағыттаған соққыларының саны – 7. Ойын индексі – 325.

Шабуылшылар: Джордже Деспотович, «Астана»; Маркос Пиззелли, «Ақтөбе»

Джордже Деспотович шабуыл шебінде арынды ойнады. Кездесудегі керемет голдың авторы атанды. Сонымен қатар, екі рет сәтті дриблинг қолданды. Ойын индексі – 264.

Маркос Пиззели қонақтардың қақпасына гол соғуды мақсат тұтып, жасыл алаңда бір сәтке тоқтамады.  Ол екінші таймда өз ойын жүзеге асырып, «Ордабасы» қақпасына гол соқты. Ойын индексі – 267.