KZ
KZ RU
26 маусым 2018 16:58

Премьер-лиганың 15-турының үздіктер құрамасы

26 маусым 2018 16:58
Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы 2018 жылғы маусымдағы Премьер-лиганың он бесінші турындағы үздіктер құрамасын назарларыңызға ұсынады:
Құрама ҚКФЛ серіктесі InStat компаниясының ойындарды сараптау көрсеткіштерінің негізінде құрылған.
 
Өткен турдың қорытындысы бойынша үздік он бір ойыншының тізімі келесідей:
 
Қақпашы: Рамиль Нұрмұхаметов, «Ақтөбе»
«Тобылмен» өткен кездесуде Рамиль Нұрмұхаметов он бір метрлік айып добынан екі гол жібергенмен, жақсы ойын көрсетті. Ол бірнеше рет қақпасын құтқарып қалды. Федин, Молдақараев және Нұрғалиев соққыларын қайтарды. Ойын индексі – 234.
 
Сол жақ қорғаушы: Матео Мужек, «Шахтер»
«Шахтердің» сол қапталында тыным таппайтын футболшы - Матео Мужек. Өткен турда ол мінсіз ойын көрсетті. Балқан түбегінен келген қорғаушы допқа таластың барлығында жеңіске жетіп, пас беруде қателеспеді. Ойын индексі – 247.
 
Орталық қорғаушылар: Дэвид Мавутор, «Жетісу»; Хрвое Милишевич,«Ақтөбе»
«Қызыл-Жар СК» командасына қарсы Дэвид Мавутор тамаша ойнады. Ол қарсыластың шабуылшыларын еркін қимылдатпады. Сонымен қатар, шабуылға жиі араласып, айып алаңына төрт рет нақты пас асырды. Кездесу соңында бұрыштама добын қақпаға баспен ұрып, жетісулықтарға маңызды үш ұпайды алып берді. Ойын индексі – 284.
 
«Ақтөбе» командасының орталық қорғаушысы Хрвое Милишевич Қостанайда өткен кездесуден кейін жақсы статистикалық көрсеткіштерге ие болды. Хорват футболшысының пастарының дәлдігі – 87 пайыз. Ойын индексі – 276.
 
Оң жақ қорғаушы: Игорь Шитов, «Астана»
Елордалық қорғаушыИгорь Шитов екі астананың дербиінде сол қапталда пайдалы жұмыс атқарды. Ол қараусыз қалған 13 допқа иелік етіп, алматылықтардың айып алаңына үш рет өткір пас шығарды. Пастарының дәлдігі – 77 пайыз. Ойын индексі – 242.
 
Орталық жартылай қорғаушылар: Абдуллай Диакате, «Ордабасы»; Ласло Кляйнхайслер, «Астана»
«Ақжайықпен» кездесуде орталық алаңда «Ордабасының» ойынына Абдуллай Диакате жауап берді. Сенегалдық жартылай қорғаушы командаластарына 112 рет дәл пас шығарды. Пастарының дәлдігі 94 пайызды құрады. Ойын индексі – 255.
 
«Қайратқа» қарсы қиын кездесуде Ласло Кляйнхайслер қарсыластың шабуылын тойтарып, өз командасының шабуылын ұйымдастыруға көмектесті. Венгрия футболшысының пастарының дәлдігі – 89 пайыз. Оның ең басты көрсеткіші Джордже Деспотовичке шығарған нәтижелі пасы болды. Ойын индексі – 242.
 
Сол жақ жартылай қорғаушы: Сабырхан Ибраев, «Жетісу»
Өткен турда Сабырхан Ибраев гол да салмады, нәтижелі пас та шығармады. Алайда, футболшы жасыл алаңда аянбай тер төгіп, көп жұмыс атқарды. Сол қапталдан айып алаңына үш рет пас шығарды. Қарсыластарын екі рет алдап өтіп, пастарының дәлдігін 84 пайызға жеткізді. Ойын индексі – 258.
 
Оң жақ жартылай қорғаушы: Еркебұлан Тұңғышбаев, «Ордабасы»
«Ақжайықпен» болған кездесуде шешуші рөлді атқарған футболшы - Еркебұлан Тұңғышбаев. Ол қарсыластың айып алаңында гол соғатын ұрымтал сәтті мүл жібермей, таразы басын теңестірді. Қарсыластарын үш рет алдап өтіп, пастарының тиімділігін 75 пайызға жеткізді. Ойын индексі – 230.
 
Шабуылшылар: Малик Мане, «Ақжайық»; Маркос Пиззелли, «Ақтөбе»
Сенегал футболшысы Шымкентте тыным таппай, қарсыластың қорғанысына маза бермеді. Шабуылшы «Ақжайық» соққан жалғыз голдың авторы атанды. Сонымен қатар, ол үш рет сәтті дриблинг қолданып, пастарының дәлдігін 84 пайызға жеткізді. Ойын индексі – 248.
 
Маркос Пиззелли – өткен турдың сөзсіз қаһарманы. Сырт алаңда «Тобылмен» өткен кездесуде ақ-қызылдардың шабуылшысы қостанайлықтардың қақпасына үш гол соғып, чемпионат сұрмергендерінің көшін бастады. Ол Дмитро Непогодов қорғаған қақпаға әртүрлі голдар салды. Хет-триктен бөлек Маркос Пиззелли қарсыластарын алты рет алдап өтіп, InStat Index көрсеткіші бойынша турдың ең үздік көрсеткішне ие болды – 386.