KZ
KZ RU
05 шілде 2018 15:45

Премьер-лиганың 16-турының үздіктер құрамасы

05 шілде 2018 15:45

Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы 2018 жылғы маусымдағы Премьер-лиганың он алтыншы турындағы үздіктер құрамасын назарларыңызға ұсынады:

Құрама ҚКФЛ серіктесі InStat компаниясының ойындарды сараптау көрсеткіштерінің негізінде құрылған.

Өткен турдың қорытындысы бойынша үздік он бір ойыншының тізімі келесідей:

Қақпашы: Андрей Шабанов, «Жетісу»

Павлодарда өткен кездесуде Андрей Шабанов сенімді ойын көрсетіп, талдықорғандық ұжымның жеңіске жетуіне көмектесті. Ол төрт соққыны қайтарды. Ойын индексі – 240.

Сол жақ қорғаушы: Дмитрий Шомко, «Астана»

«Ордабасы» қақпасына гол соққан Дмитрий Шомко қорғаныста қателік жібермеді. Пастарының дәлдігі – 81 пайыз. Айып алаңына үш рет қауіпті пас шығарды. Ойын индексі – 285.

Орталық қорғаушылар: Артурас Жулпа, «Тобыл»; Иван Садовничий,«Жетісу»

«Ақжайыққа» қарсы кездесуде Артурас Жулпа оралдық футболшылардың айып алаңына енуіне жол бермеді. Литвалық қорғаушы жасыл алаңда пайдалы ойынымен ғана көзге түсті. Ойын индексі – 270.

Иван Садовничий ойыннан кейін керемет статистикалық нәтиже көрсетті. «Ертіс» шабуылшыларының көзге түсуіне мүмкіндік бермеді. Кездесудің соңына қарай Мантас Куклистің айып соққысына үн қатып, гол соқты. Ойын индексі – 259.

Оң қорғаушы: Абзал Бейсебеков, «Астана»

«Астананың» оң қапталында ойнаған Абзал Бейсебеков жақсы ойынымен көзге түсті. Пастарының дәлдігі – 91 пайыз. Айып алаңына мақсатты үш пас шығарды. Ойын индексі – 281.

Орталық жартылай қорғаушылар: Джаба Канкава, «Тобыл»

«Тобылдың» қатарында ойнайтын грузиялық футболшы кәсіби біліктілігін дәлелдей түсті. «Ақжайықпен» өткен кездесуде Джаба Канкава орталық алаңды толықтай бақылап, команданың шабуылын басқарып отырды. Ойын бойы пас беруде бір-ақ рет қана қателесті. Пастарының жалпы саны – 94. Кездесу соңында көзге түсіп, үздіктер құрамасындағы орнын нығайта түсті. Ойын индексі – 286.

Сол жақ жартылай қорғаушы: Роман Муртазаев, «Астана»

«Астананың» айбынды ойыншысына айналғандардың бірі – Роман Муртазаев. Өткен турда жартылай қорғаушы үш минуттың ішінде «Ордабасы» қақпасына екі гол соқты. Ойын индексі – 325.

Шабуылдаушы жартылай қорғаушылар: Бактиер Зайнутдинов, «Астана»; Маркос Пиззелли «Актобе»

«Ордабасымен» өткен матчта Бактиер Зайнутдинов жылдам әрі арынды ойнады. Алда көп жұмыс атқарды. Жас плеймейкер үш рет шешуші пас шығарды. Дриблинг саны – 5. Пастарының дәлдігі де жоғары – 86 пайыз. Ойын индексі – 303.

«Шахтермен» өткен кездесуде Маркос Пиззелли маусымдағы екінші дублін жасады. Оның бір голы турдың үздігі атанды. Қарағандылықтардың қорғанысын мазалаған футболшы команданың қауіпьі шабуылдарының басым бөлігін ұйымдастырды. Ойын индексі – 285.

Оң жақ жартылай қорғаушы: Марин Томасов, «Астана»

Марин Томасов кезекті рет керемет ойын өткізді. «Астананың» пайдалы ойыншысы екі рет нәтижелі пас шығарды. Хорват үш дриблинг жасап, қарсыластың айып алаңына алты рет тура пас шығарды. Ойын индексі – 305.

Шабуылшы: Таңат Нөсербаев, «Тобыл»

Таңат Нөсербаев ойында екі рет дәлдік танытты. Оралдық футболшылар үшін шабуылшы тоқтату қиынға соқты. Футболшы қарсыластарын жеті рет алдап өтті. «Тобыл» шабуылшысы турдағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Ойын индексі - 360.