KZ
KZ RU
25 қазан 2018 17:53

Премьер-лиганың 30-турының үздіктер құрамасы

25 қазан 2018 17:53

Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы 2018 жылғы маусымдағы Премьер-лиганың отызыншы турындағы үздіктер құрамасын назарларыңызға ұсынады:

Құрама ҚКФЛ серіктесі InStat компаниясының ойындарды сараптау көрсеткіштерінің негізінде құрылған.
Өткен турдың қорытындысы бойынша үздік он бір ойыншының тізімі келесідей:
Қақпашы: Александр Григоренко, «Қайсар»
Александр Григоренко Павлодарда мінсіз ойын көрсетті. «Қайсар» қақпашысы қарсыластың бес соққсын қайтарып, қорғанысқа жетекшілік етті. Бірде де бір қателік жібермеді. Ойын индексі – 263.
Сол жақ қорғаушы: Ғафуржан Сүйімбаев, «Қайрат»
«Тобылмен» өткен тең кездесуде Ғафуржан Сүйімбаев қорғаныста жақсы қызмет атқарып шықты. Пастарының дәлдігі – 85 пайыз. Ойын индексі – 237.
Орталық қорғаушылар: Ризван Аблитаров, «Атырау»; Елдос Ахметов, «Қайрат»
«Ақжайықпен» өткен дербиде Ризван Аблитаров кәсіби міндетін жетік атқарып шықты.  Допқа талас көрсеткіші – 83 пайыз. Пастарының дәлдігі – 88 пайыз. Бір нәтижелі пас шығарды. Ойын индексі – 256.
Елдос Ахметов қос қапталда ғана емес, орталық қорғаныста да ойнай алады. Допқа талас көрсеткіші – 82 пайыз. Ойын индексі – 253.
Оң жақ қорғаушы: Антонио Рукавина, «Астана»
«Ордабасымен» өткен ойында Антонио Рукавина оң қапталда белсенді ойнады. Қарсыластың айып алаңына 8 рет пас шығарды. Сонымен қатар, серб футболшысы 11 рет допқа таласта жеңіске жетті. Пастарының дәлдігі де керемет – 94 пайыз. Ойын индексі – 252.
Орталық жартылай қорғаушы: Ласло Кляйнхайслер, «Астана»
Ласлодан өту қарсыластың футболшылары үшін оңай жұмыс емес. Венгриялық футболшы «Ордабасымен» жақсы ойын өткізді. Пастарының дәлдігі – 98 пайыз. Ойын индексі – 252.
Сол жақ жартылай қорғаушы: Бауыржан Исламхан, «Қайрат»
«Қайрат» капитаны «Тобылмен» жақсы ойын өткізді. Жасыл алаңда белсенді қимылымен көзге көрінген футболшылардың бірі болды. Бауыржан қарсыластың айып алаңында бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырды. Пастарының дәлдігі – 79 пайыз. Ойын индексі – 237.
Оң жақ жартылай қорғаушы: Марин Томасов, «Астана»
«Ордабасымен» өткен ойында Марин Томасов жылдам ойнады. Балқандық футболшы қақпаға алты рет соққы бағыттап, екі рет сәтті дриблинг қолданды. Пастарының дәлдігі – 79 пайыз. Қараусыз қалған допты 16 рет иеленді. Ең жоғары жетістігі – айып соққысынан салған голы. Жанкүйерлер голды турдың үздігі деп саналды. Ойын индексі – 260.
Шабуылшылар: Малик Мане, «Ақжайық»; Жасұлан Молдақараев, «Ордабасы»; Бабатунде Аденидже, «Атырау»
Атырдауда өткен ойында сенегалдық футболшы қарсыластың қақпасына төрт рет доп тепті. Оның біреуі голға айналды. Пастарының дәлдігі - 79% пайыз. Ойын индексі – 258.
«Ордабасы» шабуылшысы Жасұлан Молдақараев кезекті рет мықты қарсыластың қақпасын тура көздеді. Екі рет қарсыласын алдап өтіп, пастарының дәлдігін 75 пайызға жеткізді. Ойын индексі – 251.
«Атырау» командасының «батыс дербиіндегі» табысы Аденидженің жеке шеберлігіне байланысты деуге болады. Қиын ойында екі рет қарсыластың қақпасын тура көздеген нигериялық футболшы үш ұпай алып берді.  Турдың ең үздік ойыншысы атанды. Ойын индексі – 289.