Премьер-лиганың 6-турының үздіктер құрамасы
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы сіздің назарларыңызға Премьер-лиганың алтыншы турының үздіктер құрамасын ұсынамыз.
Құрама ҚКФЛ серіктесі InStat компаниясының ойындарды сараптау көрсеткіштерінің негізінде құрылған.
Үздік он бір ойыншының тізімі келесідей:
Қақпашы: Рамиль Нұрмұхаметов, «Ақтөбе».
Өткен турда бірде бір қақпашы қақпасын голдан құтқара алмады. Басқа қақпашыларға қарағанда ақ-қызылдардың қақпашысы ерекшеленді. «Шахтермен» өткен ойында Рамиль Нұрмұхаметов командасын бірнеше рет голдан құтқарды: үш сейв жасап, 6 соққыны қайтарды, қақпадан шығу кезінде 4 рет табысты ойнады (100 пайыз көрсеткіш) және 84 пайыз дәл пас берді. Ойын индексі - 237.
Сол жақ қорғаушы: Матео Мужек, «Шахтер».
Балқан түбегінің өкілі әр матч сайын кеншілердің маңызды ойыншысына айналып келеді. «Ақтөбемен» өткен ойында Матео Мужек үш рет допты «таза» тартып алды. Қараусыз қалған допқа 20 рет бірінші жетіп, қарсыластың пасын 7 рет қағып алды. Әуедегі допқа таласта 100 пайыз жеңіске жетті. Ойын индексі - 236.
Орталық қорғаушылар: Евгений Ткачук, «Шахтер»; Марин Аничич, «Астана».
«Ақтөбеге» қарсы ойында қарағандылық қорғаушылардың ішінде Евгений Ткачук ең жоғары көрсеткішке ие болды. Украиналық футболшы допқа таластың 92 пайызында жеңіске жетіп, әуедегі допқа таластың барлығында (9 - 9) мықтылық танытты. Қарсыластың пасын 7 рет қағып алып, пас беруде небәрі 8 рет (66 пас) қателесті. Ойын индексі - 267.
«Астананың» негізгі тірегіне айналған ойыншылардың бірі - Марин Аничич. Оның көрсеткіші де жаман емес. Допқа талас – 92 пайыз, әуедегі допқа таластың барлығы (5-5), Қараусыз қалған допқа 13 рет бірінші жетіп, қарсыластың пасын 8 рет қағып алды. Ойын индексі – 263.
Оң жақ қорғаушы: Станислав Лунин, «Қайрат».
Өскемен футболының түлегі «Қайсарға» қарсы ойында қапталдағы қорғаушыдан талап етілетін міндеттердің барлығын орындады. Қорғаныста сауатты ойнап, шабуылды үнемі қолдап отырды. Кездесу соңында қарсыластың қақпасына гол соқты. Ойын индексі – 264.
Орталық жартылай қорғаушылар: Александр Володько, «Шахтер»; Исламбек Куат «Кайрат».
Александр Володько орталық алаңда команданың ойынын жүргізіп отырды. Тәжірибелі беларусь футболшысы дәл пас (дәлдігі – 91 пайыз) жеткізіп, допқа таластың (67 пайыз) жартысынан көбінде жеңіске жетті. Ойын индексі – 259.
Исламбек Қуат та орталық алаңда өте сапалы ойын көрсетті. Оның пастарының дәлдігі 88 пайызды құраса, допқа таластың тиімділігі – 67 пайыз. Ойын индексі – 248.
Сол жақ жартылай қорғаушы: Милан Стоянович, «Шахтер».
Біздің символикалық құрамдағы кеншілердің кезекті өкілі жақсы ойын көрсете білді. Милан Стоянович пастың 68 пайызын тура жеткізіп, 6 рет қарсыласын алдап өтті. Төрт рет қарсыласын доптан айырды. Ойын индексі – 232.
Оң жақ жартылай қорғаушы: Исаэль, «Қайрат».
Бразилиялық шебер өте жақсы ойнады. Комбинацияны бастап, шабуылды голмен аяқтаған футболшының ойынына жанкүйерлердің тәнті болғаны анық. Сонымен қатар, Исаэль нәтижелі пастың авторы атанды. Екі рет қарсыласын алдап өтіп, берген пастарының дәлдігін 76 пайызға жеткізді. Ойын индексі – 251.
Шабуылдаушы жартылай қорғаушы: Андрей Аршавин, «Қайрат».
Андрей Аршавин өткен ойында гол соғып, нәтижелі пас жберіп, кезекті рет шеберлігін дәлелдеді. Айып алаңына берген пастарының дәлдігі жүз пайыз (7-7). Ресейлік футболшының бұл турдағы көрсеткішіне ешкім жақын келе алмады. Жартылай қорғаушының пастарының жалпы тиімділігі 82 пайызды құрады. Ойын индексі – 273.
Шабуылшы: Алексей Щеткин, «Астана».
Шымкентте өткен ойында елордалық «Астананың» шабуылшысы екі рет гол соғатын мүмкіндікке ие болып, екеуінде де мүлт кетпеді. Кездесу тағдырын шешіп, дубль авторы атанған Алексей Щеткин турдың ең үздік ойыншысы атағын да иемденіп кетті. Ойын индексі – 324.