KZ
KZ RU
31 мамыр 2024 18:05
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Әзірше голдарды соғу өте қиын болып тұр – «Ордабасының» бас бапкері Александр Седнев

31 мамыр 2024 18:05

Футболдан қазіргі ел чемпиондары «Ордабасы» OLIMPBET QFL Премьер-лигасының турнир кестесінде ТОП-5 команданың қатарында тұр. Клуб осы маусымда тек ел чемпионатының алтынына ғана емес, сондай-ақ УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуға тырысады. «Жетісуге» қарсы орталық ойын алдында шымкенттік клубтың бас бапкері Александр Седнев QFL.KZ сайтына команданың қазіргі жағдайы бойынша айтып берді.

 

- Александр Сергеевич, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 10-шы турының орталық ойыны «Ордабасы» - «Жетісу» саналады. Қайрат Нұрдәулетовтың шәкірттері осы маусымды жақсы өткеріп, турнир кестесінде сіздерден жоғары тұр. Сіздің командаңыз бұл матчқа қалай дайындалып жатыр? Алдағы сенбі күні шымкенттік жанкүйерлерді қуанта аласыз ба?

- Біз қарсыласымыздың турнир кестесінде қай орында тұрғанына мән бермейміз. Біз алда ойнайтын команданы зерттеп, кез-келген клубқа сыйластықпен қараймыз. Штаттық режимде жұмыс істейміз. Бізде 1XBET QFL Лига кубогынан кейін тынығуға және дайындалуға біршама уақыт болды. Жалпы өзімнің жігіттерімнің жұмысқа қарым-қатынастарына көңілім толады. Біз өз үйімізде ойнаймыз және турнир кестесінде барлығы қарбалас болғандықтан, кез-келген нәтиже барлығын өзгертіп жіберуі мүмкін. Біз әр матчта жеңуге тырысамыз. Осы сәтті пайдалана отырып, жанкүйерлерді матчқа шақырамын. Олардың қолдауы өте маңызды. Лық толы стадион команданы жігерлендіріп, жақсы нәтижеге әсер етеді.

 

- «Ордабасы» ел чемпионы. Бірақ осы көктемдегі көрсеткіштер тұрақты болмады. OLIMPBET Қазақстан Суперкубогында «Тобылға», OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының ширек финалында «Ақтөбеге» есе жібердіңіз. Ал 1ХВЕТ QFL Лига кубогының бірінші турында «Атыраумен» сырт алаңда тең түстіңіз. Сонымен қатар, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 9 тур қорытындысы бойынша командаңыз 3 рет қана жеңіске жетіп, бесінші орында тұр. Сіздің ойыңызша бұған не себеп? Клубқа өз ойынын табу қиынға соғып тұр ма әлде енді күшейіп келесіздер ме?

- «Тобылмен» ойнаған сәтте матч тағдыры пенальти арқылы ғана анықталды. Ал «Ақтөбемен» кездесуде бір футболшымыз алаңнан қуылып, қиын жағдайға тап болдық. Жеңілсек те, лайықты өнер көрсетіп, есеп те ашып үлгердік. Бұл біздің қиын жағдайда да күшімізді көрсете алатындығын дәлелдейді. «Атырауға» қатысты матчта жасыл алаңға көп шықпаған футболшыларға мүмкіндік бердік. Бұл біздің дайындық барысындағы стратегиямыздың бір бөлігі және команданың барлық мүшесіне ойын тәжірибесін арттыруға басымдық береміз. Дәл қазір турнир кестесінде бірінші орын үшін талас қызу жүруде. Көшбасшылардың қатарында болу үшін біз барымызды саламыз және жоғары көрсеткішке жете алатынымызға сенімдіміз.

 

- Сіз Премьер-лигада клубты тарихи алтынға жетелеген бірінші бапкерсіз. Өзіңіз білетіндей, чемпионнан әрқашан жақсы нәтиже күтеді. Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков чемпиондық атақты қорғау керек деген міндет қойды. Бұл қаншалықты мүмкін және не қажет? «Ордабасы» үшін қай турнирге басымдық береді?

- Турнир кестесінде ең жоғарғы орынды алу үшін барымызды саламыз. Әрине, чемпиондық атақты қорғау өте қиын. Оның үстіне бәсекелестік өте жоғары. Бірақ тағы да қайталаймын. Біз тек жеңіске ұмтыламыз. Атағымызды қорғау үшін барымызды саламыз. Басты назарды ішкі чемпионатқа және еурокубокқа қатысуға көңіл бөлеміз. Кадрлық мәселе де бар. Алайда еурокубок басталғанға дейін барлық кемшілікті жойып, жақсы формада боламыз деген сенімдеміз.

 

- Қала басшылығы және отандық футболдың жанкүйерлері «Ордабасыны» УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққанын қалайды. Бірінші айналымда сіздердің қарсыластарыңыз «Карабах», «Лудогорец», «ХИК», «Ференцварош», «Стяуа» және т.б еуропалық азулы ұжымның бірі болуы мүмкін. Осы орайда шымкенттік команданың чемппиондар лигасының топтық кезеңінде ойнайтын екінші клуб атануына қаншалықты мүмкіндігі бар? Әлде Еуропа лигасы, Конференция лигасын да қарастырасыз ба?

- Чемпиондар лигасынан бастайтындығымызды білесіздер. Әр раунд біз ойлаған стратегиямызға салмақты әсер етуі мүмкін. Кубоктық жүйеде барлығы белгісіз. Әрине, еурокубоктың топтық кезеңіне өтсек, қатты қуанамыз. Барлығы барынша жоғары деңгейде ойнағанын қалайды. Тарихта да айналасындағы жайттарға қарамастан, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткен сәттер көп болған. Біз еурокубокта елімізді лайықты деңгейде көрсету үшін қолдан келгеннің барлығын істейміз.

 

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының турнир кестесіндегі жағдай өте қызық. ТОП-4-тегі клубтар жиі ауысады, сенсациялық нәтижелер жиі тіркеледі. «Ордабасының» осы турнирдегі басты қарсыластары кім және турнир кестесіндегі қарбаласты қалай түсіндіресіз? Бәсекелестікті қалай бағалайсыз?

- Осы маусымда бірінші орын үшін көп клубтар талас жүргізуде. Чемпионатта айқын көшбасшы да, аутсайдер да жоқ. Барлығы бітімсіз күрес жүргізуде. Командалар жақсы күшейіп алды. Көптеген футболшылардың сенімділігі артты. Біз үшін чемпионат өте қиын және қызықты. Бұдан чемпионат та, жанкүйерлер де ұтады. Ең қызық матчтар әлі алда.

 

- Жақын мерзімдегі трансферлік кезеңде қай позицияны күшейтуді жоспарлайсыздар? Командаға нақты кандидаттар бар ма?

- Біз әлі толық жасақталмадық. Басты мәселе – тағы бір қақпашы қажет. Тағы бір позициядағы жетіспеушілік – орталық қорғаушылар. Өте үлкен күш біздің қорғаушыларға түседі және осы тұсты күшейтуіміз қажет. Қазір біз аз гол саламыз. Мәселені шешу үшін ішкі ресурстарды пайдалану әлде сырттан жаңа күшпен толықтыруды ойланып отырмыз. Әзірше голдарды соғу өте қиын болып тұр.

 

Айта кетейік, «Ордабасы» OLIMPBET QFL Премьер-лигасының келесі турында өз алаңында «Жетісуді» қабылдайды. Матч 1 маусым күні 21:00-де басталады. Ойынды QFL.KZ сайтынан және Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көре аласыз.