30 мамыр 2013 15:14
Рафаэль Уразбахтин: «Востоктың» әлеуеті бұдан да зор
30 мамыр 2013 15:14
- Рафаэль, мұның алдындағы турда "Восток" Талдықорғанда "Жетісумен" ойнап, 0:0 есебімен тең тарқасты. Сіздіңше, жеңіске не жетпеді?
- Меніңше аздап салқынқандылық жетіспеген сияқты. Бәлкім, жеңіс голын соғуымызға шеберлігіміздің аздап әлсіз болуы да кесір болған шығар. Әсіресе ойынның соңғы минуттарына таман қарсыласымызды әбден қыстық. Бас бапкердің тапсырмаларын бұлжытпай орындап, алға атойлаумен болдық. Бірақ әрдайым барлығы сен ойлағандай бола бермейді.
- Сол кездесу сіздің Қазақстан Премьер-лигасындағы 244-ші ойыныңыз болды. Көп ұзамай 250 матчтық межеге де жетесіз. 12 маусым бойы өзіңіздің қажеттілігіңіздің көрсетіп келесіз...
- Шынымды айтсам, мұндай статистикаларға көңіл бөле бермейді екенмін. Сіз айтқан соң ғана өзімнің осынша ойын өткізгенімді біліп отырмын. Көңілім кәдімгідей көтеріліп қалды. Менің спорттық ғұмырымда әртүрлі бапкерлер болды. Солардың барлығы маған сенім артты. Осыны сезінудің өзі бір ғанибет қой.
- "Востоктың" намысын қорғап келе жатқаныңызға төрт жыл болды. Команданың бүгінгі құрамы мен бұрынғы құрамын салыстыра аласыз ба? Клуб күшейген бе?
- Білесіздер ғой, бұған дейін екі жыл Бірінші лигада өнер көрсеттік. Ол жақта жағдай басқа. Премьер-лигамен салыстырғанда қаржы аздау және міндеттер де бөлек. Сондықтан, команданың қазіргі футболшылары мен бұрынғы ойыншыларын салыстыру әбестік болар. Өткен жылы команда намысын қорғаған жігіттер алдарына қойылған тапсырманы орындады. Ал қазіргі құрамның алдында мүлдем бөлек межелер тұр.
- Таяужа отандық www.sports.kz сайтында "Востоктың" сенегалдық шабуылшысы Папа Ньянгтың сұхбаты шықты. Бас бапкер Владимир Фомичевке қатысты ауыр пікірлер білдіргенінен хабардар боларсыз. Бұл сұхбат бас бапкерге қалай әсер етті?
- Ол ағылшынша сөйлейді ғой. Шамасы журналист оның айтқанын дұрыс түсінбей қалған болар. Әлбетте, сұхбатты оқыған кезде Фомичев те, команда ойыншылары да түкті түсінбей дел-сал болып қалды. Фомичевтің бапкерлік ғұмырында бұрын-соңды мұндай нәрсе ешқашан болмаған. Ешқашан футболшы бапкерге бұлайша қарсы шықпаған. Қазір жағдай түзелді. Біз өз кезегімізде Ньянгпен сөйлесіп, оныкі дұрыс еместігін түсіндірдік. Қандай команда болмасын, бапкер мен футболшының арасында өзара құрмет болуы керек.
- Футбол өлшемі бойынша ақырындап ардагерлер қатарына қосылғандарыңызға қарамастан бұл маусымда сіз бар, Әли Әлиев пен Роман Нестеренко бар, "Востоктың" нағыз лидерлеріне айналдыңыздар. Жастық шақтарыңызды қайта өткеріп жатырсыздар деп айтуға келе ме?
- Солай деуге де болатын шығар. Дегенмен, мына нәрсені де айтпай кетуге болмайды. Егер клуб басшылығы мен бапкерлер алқасы саған сенім білдіретін болса, онда сен де өзіңді еркін сезініп, олардың сенімдерін ақтауға тырысасың. Рас, футбол өлшемі бойынша біз жасы жеткен ойыншылармыз. Бірақ барлығы да ішкі дайындық пен жаттығуларға қаншалықты ден қоятындығыңа байланысты. Өзін өзі күтіп, өзіне талап қоя білген футболшы қай жаста болмасын, биік белестерді бағындыра алады деп ойлаймын.
- Жалпы, "Востокта" ойыншылар арасынан команданы алға жетелеп, футболшылардың жетелеріне жеткізіп ақыл айтатындар бар ма?
- Негізінен бұл міндетті ардагерлер арқалап жүр. Нақты айтсақ, Роман Нестеренко мен Әли Әлиев. Бірі капитан, екіншісі вице-капитан. Олардың жас футболшыларға көрсеткен септіктері орасан..
- Дәл қазір "Восток" турнир кестесінде 8-сатыда келеді. Қалай ойлайсыз, команданың әлеуеті осы ма, әлде бұдан да биік орындардан дәмете ала ма?
- Меніңше, бұдан да биікте тұруымыз керек сияқты. Өйткені, кейбір ойындарда күтпеген жерден ұпай жоғалтып жаттық. Әйтеуір, жолымыз болмады. Бәлкім, шеберлігіміз жетіспеген шығар. Қалай деген күнде де, 8-орында тұрмыз ба, демек деңгейіміз осы. Менің жеке пікірім осы. Ал кейбір ойындарды сәттірек өткізгенімізде, онда жоғары орындардан да дәметуге болар еді.
- Ал Владимир Фомичев бас бапкер болғалы бері команданың ойын өрнегі жақсарды деп ойлайсыз ба?
- Фомичевті бапкер ретінде бұрыннан білемін. Өйткені, кәсіпқой футболдағы ғұмырымды осы кісінің қарамағында бастағанмын. Футболшылардан не талап ететінін жақсы білемін. "Фомичев "Востоктың" бас бапкері болады екен" деген ақпарат тараған кезде команданың ойыны қаншалықты, қай жағына қарай өзгеруі мүмкін екенін бағамдап қойғанмын. Клубтың турнир тұңғиығына батпайтынына, керісінше жоғары орындарға таласатынына сенімді болдым. Сондықтан, қазіргі ойын өрнегіміз мені таңғалдырмайды.
- Ал өзіңіз болашақта жаттықтырушы болғыңыз келмей ме?
- Неге болмасқа? Өткен жылы ҚФФ-тың техникалық орталығында бапкерлік тәлім алып, "А" дәрежелі лицензияны иемдендім. Сондықтан, бапкерлік тұрғыда алғашқы қадамдарымды бастап қойғанмын. Дегенмен, әзірге пайдамды жасыл алаңда тигізгім келеді. Жағдайым жетіп тұрғанда доп теуіп алайын.
- Ел чемпионатының жартысынан астамын еңсердік. Қай команданың ойын өрнегі ұнады?
- Маған "Астана" ұнады. Тамаша ойнайды. Шебер футболшылар жинақталған. Олар бізді үшінші рет жеңіп кетті.
Басқа жаңалықтар