РФПЛ президенті Сергей Прядкин ҚКФЛ мүшелерінің Ортақ жиналысына арнайы қонақ ретінде қатысты
Оған ҚКФЛ президенті Азамат Айтхожин және ҚФФ басшысы Сейілдә Байшақов қатысты. Осы шарада арнайы қонақ ретінде Ресей футбол Премьер-Лигасының президенті Сергей Прядкин да болды.
- Қазақстан маған бөтен ел емес, - деп бастады өз сөзін Сергей Геннадийұлы. - Қуана-қуана осы жерге келемін. Келген сайын клубтарыңыздың деңгейі жоғарылап жатқанын байқаймын. Мұны қазақстандық клубтардың еуропалық турнирлерінде көрсеткен нәтижелерінен аңғаруға болады. Алдағы футбол маусымы қызыққа әрі күтпеген нәтижелерге толы болатынына сенімдімін. Ресей және Қазақстан барлық салаларда, соның ішінде спортта тығыз қарым-қатынас жүргізуде. Бізбен серіктестік орнатып, тығыз байланыста болуыңыз үшін алғысым шексіз. Жаңа маусымда сәттілік тілеймін!
Азамат Айтхожин Ресей футбол Премьер-Лигасының президентіне ұлттық шапанды сыйға тартты. Сергей Прядкин болса, қазақстандық әріптесіне кәдесый сыйлады. Сонымен қатар, ресейлік функционер Қазақстан Суперкубогы үшін өткен «Астана» және «Қайрат» командалары арасындағы кездесуді көрермен ретінде қарады.