KZ
KZ RU
04 қазан 2019 17:54

Ризван Аблитаров: «Финалға дейінгі жол оңай болмады»

04 қазан 2019 17:54

Ел кубогы үшін өтетін ойын қарсаңында «Атырау» командасының қорғаушысы Ризван Аблитаров Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының баспасөз қызметінің сауалдарына жауап берді:

- Атырау үшін қатарынан Қазақстан Кубогының үшінші финалы. Бұл жолы жеңіс тұғырына көтерілудің уақыты келді ме?

- Иә, Қазақстан Кубогының финалына үшінші рет шығып отырмыз. Жігіттердің барлығы жеңіске жетуді қалайды. Уақытынан бұрын масаттанудың қажеті шамалы. Ең алдымен ел чемпионатындағы ойындарға баса назар аударамыз. Турнир кестесіндегі жағдайды түзету – басты міндеттердің бірі.

 

- Өткен екі финалда жеңіске жету үшін не жетіспеді?

- Сол екі финалда біздің команда жеңіске жақынырақ болды. Алайда, гол соғатын сәттерді жүзеге асыра алмадық. Оның барлығын ұмытқан абзал.

 

- «Мұнайшылардың» қорғанысында ойнайтын көшбасшылардың бірісіз. Финал алдында бабыңызға келе алдыңыз ба? Ойында ілгерілеу бар ма?

- Қазақстан Премьер-лигасында бірнеше жыл ойнадым. Екі рет Қазақстан Кубогының финалына шықтым. Ең алдымен тәжірибем мол деп санаймын. Физикалық және моральдық тұрғыда жақсы сезінемін. Кәсіби футболшы болып қалуға ұмтыламын. Менің ойынымды сырт көз бағалар.

 

- Үшінші финалға жеткізген жол қандай болды? Қиын деуге бола ма?

- Финалға дейінгі жол оңай болмады. Әр қарсыластың алға қойған мақсаты мен табысқа жетуге деген ұмтылысы болды. Жасыл алаңда командалық ойын көрсету арқылы турнирде жеңіске жетуге бір қадам алдында тұрмыз.

 

- «Атыраудың» «Қайсардан» басымдығы қандай? Шешуші ойында қалай жеңіске жетуге болады?

- «Қайсар» – лайықты қарсылас, ойын жүйесі қалыптасқан. Сонымен қатар, жақсы футболшылардан құралған. Финалда күнде ойнамайсың. «Атыраудың» күші -командалық ойыны, тәртібі және ұйымшылдығы.