KZ
KZ RU
03 наурыз 2019 19:45

Роман Григорчук: «Әр жеңістің артында үлкен еңбек бар»

03 наурыз 2019 19:45

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы «Астана» футбол клубының бас бапкері Роман Григорчук матч соңындағы баспасөз мәслихатында Суперкубок ойынына өз бағасын берді:

 
- Бұл жеңіс біздің клуб үшін өте керемет нәтиже. Біз тағы бір атаққа қол жеткіздік. Бүгін жеңісті тойлауға уақыт бар. Ал, ертең қалыпқа келу жаттығуларын өткізіп, Премьер-Лиганың алғашқы турына дайындықты бастаймыз.
 
- Қарсыластың қандай ойын өрнегін оқу-жаттығу жиынында зерттеп шықтыңыздар ма? Әлде өз ойындарыңызға баса назар аудардыңыздар ма?
 
- Қарсылас туралы көп ақпарат жинақтауға тырыстық. Алайда, «Қайрат» оқу-жаттығу жиындарында әртүрлі құраммен ойнағандықтан нақты шешім шығару қиынға түсті. Ең алдымен допқа жиі иелік етуге ұмтылдық.
 
- Жеңіс оңай келді деп ойлайсыз ба?
 
- Оңай жеңіс болмайды, әр жеңістің артында команданың үлкен еңбегі бар. Кездесу алдында «Қайраттан» не күтерімді білмедім. Мен үшін өз командамының ойыны қызығырақ болды. Үлкен еңбектің арқасында алдағы маңызды кезеңге дайын болдық. Әрине, жүз пайыз емес. Біздің де жетілдіретін тұстарымыз жеткілікті.
 
- «Астана» жаңа маусымда өз алдына қандай мақсаттар қояды?
 
- «Астана» - жеңіске жетіп үйренген клуб. Біздің клубтың жеңіске жету дәстүрі қалыптасқан. Сондықтан ештеңе өзгерген жоқ. Команда қатарынан кейбір ойыншылар кетті. «Астана» футбол клубы әрдайым жоғары жетістіктерге ұмтылады. Алдағы жылдарда да дәл солай болады деген сенімдемін.
 
- «Қайрат» соңғы жылдардағы «Астананың» басты бәсекелесі. Қалай ойлайсыз, биыл алматылық клуб чемпиондыққа талас жолында сіздерге қарсылық таныта ала ма?
 
 - «Қайрат» құрамына жақсы ойыншыларды жинақтаған. Оларды жеңу кез-келген қарсыласқа оңай емес.
 
- Бүгінгі ойында «Астананың» осал тұсын байқай алмадық. Дегенмен, команда құрамын күшейту ойда бар ма?
 
- Әлі де команда құрамын күшейткіміз келеді. Алайда, селекциялық жұмыс дегеніңіз оңай емес. Командаға көмектесе алатын сенімді ойыншыны ғана қатарға қоса аламыз. Барлығы біз ойлағандай бола бермейді. Дегенмен, жұмыс жалғасын табады.