"Сұңқар" екі кездесу өткізіп, Томислав Враньичпен келісімшартқа отырды
Қаңтардың 12-сінде Алмас Құлшынбаев шәкірттері түркияның клубымен кездесіп, 1:1 есебімен тең тарқасты. Қаскелеңдіктердің құрамында аргентиналық жартылай қорғаушы Луис Родригес гол соқты. Бұл футболшы "Сұңқарда" бапкердің сынағында жүргенін айта кету керек. Тағы бір айтарымыз, ойын жерлестеріміздің басымдығымен өтіп жатқан. Тек соңғы минутта ғана түркиялық команда есепті теңестіре алды. Одан кейінгі ойын бүгін өтті. Бұл жолы "Сұңқар" Ресейдің бірінші лигасында өнер көрсететін "Мордовия" футбол клубымен кездесті. Бұл ойын да тең дәрежеде өтіп, матч 2:2 есебімен аяқталды. Негізі, ойын барысында қаскелеңдіктер 0:2 есебімен жеңіліп жатқан. Бірақ жігерлік танытып, Бауыржан Тұрысбек пен Әлімхан Тәжмағамбетов соққан голдардың арқасында есепті теңестірді.
Команданың оқу-жаттығу жиынының аясындағы келесі кездесуі 17 қаңтарда өтеді. Қарсылас команда сол күні анықталады.
Осы жиында "Сұңқар" маусымның алғашқы футболшысымен келісімшартқа отырды. 28 жасар хорватиялық қақпашы Томислав Враньичтің бұрынғы клубы Кинкович қаласының "Цибалия" клубы болыпты. Хорватия жастар құрамасының қақпасын жиырма ойында қорғаған Враньчпен бір жылға келісімшарт жасасты.
"Сұңқар" футбол клубының баспасөз қызметі