Самат Смақов: «Қазақстан футболы қарқынды дамып келеді»
— Самат, сіз әр жыл сайын еуро турнирлерді жібермеуші едіңіз. Биыл тыс қалып қойдыңыз. Еурокубоксыз маусым өткізген қалай екен?
— Иә, 2005 жылдан бері үзіліссіз еуротурнирлерге қатысып келіппін. Шыны керек, үйреніп қалыппын. Әсері мүлдем бөлек қой. Тағатсыздана күтесің, сағынасың. Содан шынымен де керемет ойындар өтеді. Биыл жағдай солай болып тұр. Еуротурнирсіз қалдым. Ыңғайсыз екен. Сағынып жүрмін.
— Биыл Қазақстанның бір емес, бірден екі клубы еуротурнирдің плей-офф кезеңіне жолдама алды. Қалай ойлайсыз, бұл отандық футболдың дамып жатқандығының көрінісі бола ала ма?
— Клубтық футбол да отандық аяқдоптың айнасы екені белгілі. Биыл көптен күткен еурододаның топтық кезеңіне де жолдама алдық. Яғни, Қазақстан футболы сөз жоқ дамып жатыр деген сөз. Қазір "Шахтерді" Еуропаның біраз елі біліп қалды. Мойындайтыны да шындық. Енді "Ақтөбе" де қарағандылықтардың ерлігін қайталап, еуротурнирдің топтық кезеңіне жолдама алады деп үміттенемін.
— Ал осы Қазақстан футболының дамуына не себеп болып жатыр деп ойлайсыз?
— Егер әлгі клубтарды айтар болсақ, командаларда тұрақтылық бар. Бірнеше жыл бойы бір құраммен өнер көрсетіп, бір-бірін керемет түсінісетін жағдайға жетті. Маусымаралық үзіліс кезінде өздеріне қажет деген бір-екі ойыншыны ғана алып жүр. Олар команданың ойын өрнегін одан бетер күшейтуде. Бапкерлер де командаларының ойындарына жаңа леп бере білді. Ал жалпы отандық футбол жайлы айтар болсақ, академиялар, футбол орталықтары мен балаларға арналған небір алаңдар салынып жатыр. Бұқаралық футболға да барлық жағдай жасалуда. Мұның барлығы отандық футболдың дамуына әсер етпей қоймайды. Өкінішке қарай, біздің кезімізде мұндай жағдай болған жоқ.
— «Шахтёр» мен «Ақтөбе» еуротурнирдегі алдағы ойындарын қалай өткізеді деп ойлайсыз?
— «Шахтёр» азулы қарсыласын Астанада қабылдайды. Соған қарамастан, стадионда аншлаг болатын шығар. "Селтик" те оңай шағылар жаңғақ емес. Әлемдік деңгейдегі команда. Мұндай ұжымдарды бірден жеңе алмайсың. Тіпті, "кеншілер" жеңіліп қалса да, жанкүйерлер ренжімес. Дегенмен, ойынның өте тартысты болатынын ішім сезеді. Өзім де "Шахтерге" қолдау көрсету үшін Астанаға ұшып барамын. Ал "Ақтөбеге" посткеңестік деңгейдегі алпауыт команда тап болды. Екі клубымыз да сенсация жасап, қарсыластарын қапы қалдырады деп үміттенемін.
— Ал Қазақстан - Грузия жолдастық кездесуін тамашалай алдыңыз ба?
— Әлбетте. Ойын алдында "твиттер" арқылы командамызға сәттілік тілегенмін. Кездесуден кейін өзім етене араласатын жігіттерді жеңіспен құттықтадым.
— Енді өз клубыңыз жайлы. "Қайрат" биылғы ел біріншілігінде үздіктер қатарынан көріне ала ма?
— Басшылықтың тапсырмасы — келесі жылы еуротурнирге қатысуымыз қажет. Яғни, ел чемпионатында міндетті түрде үздіктер қатарынан көрінуіміз керек. Барлығы да өзімізге байланысты. Жалпы Премьер-лигамыздың екінші кезеңі қызық болайын деп тұр. Үздік алтылықтағы әрбір ойын өте тартысты болатыны сөзсіз.
— Еміл Кенжесариевтің басындағы жағдай барлығымызды сеңдей соғыстырды...
— Емілдің басынан өткен жағдай сұмдық енді. Есеңгіретіп тастады. Таңертеңгілік жаттығудан келсем телефоным "смс"-ке толып қалыпты. Бүкіл Қазақстан қазір Емілдің тілеуін тілеп отыр. Ертерек сауығып, ортамызға қайта оралуын тілеймін!
— Өзіңіз туралы айтсаңыз. Жарақатыңыз жазылды ма?
— Жарақатымды енді ғана жазып, бабыма келіп, "Ертіске" қарсы ойынға дайындалып жүр ем, екі күн қалғанда қайтадан ауыртып алдым. Бұлшықетім тартылып қалыпты. Енді емделем. Әлбетте, алаңға ертерек оралып, командама көмектескім келеді.
Автор: Думан Балықбаев
Фото: www.fckairat.kz