07 желтоқсан 2012 16:29
Саян Хамитжанов. Астанада өтетін УЕФА Конгрессі жайында
07 желтоқсан 2012 16:29
«УЕФА Конгрессінің өтетін орны ретінде Астана қаласының таңдалуына бәріміз де қуаныштымыз және бізге ерекше күш береді. Сонымен қатар, бұл бізге, федерациямызға, елімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазақстан Еуропа футбол қауымдастықтары одағының Конгрессін қабылдайтын ТМД елдерінің арасындағы алғашқы ел. УЕФА Конгрессі дегеніміз — Еуропа футболындағы ең жоғарғы орган. Жыл сайын УЕФА Конгрессіне Еуропа футбол қауымдастығына мүше барлық 53 елдің футбол президенттері мен бас хатшылары қатысып жатады. Конгресс жиындарында УЕФА-ның барлық комитеттерінің жиналыстары өтеді. Оның ішінде Атқару комитетінің отырысы да бар. Қазақстанға ФИФА-ның жоғары дәрежелі басшылары, сондай-ақ, өзге конфедерациялардың да белді тұлғалары келмек.
ҚФФ-тың жүргізіп отырған саясаты, келелі істері ақыры өз жемісін берді. 2014 жылы Астана әлем футболының орталығы болады. УЕФА-ның барлық басшылары, әлем футболының белді функционерлері Қазақстан астанасында бас қосатын күн алыс емес. Олар елордамызда Еуропа футболына байланысты маңызды шешімдерді қабылдайтын болады. Ал әлемдік ақпарат агенттіктерінің жүздеген журналистері осы шаралардан күллі әлемге жаңалық таратып, жар салады. Осы уақытқа дейін арман болып, сағымдай бұлдырап келген сол уақытқа 2014 жылы жетеміз.
УЕФА Конгрессінің өтуі — бұл еліміз үшін тек спорттық қана емес, имидждік бедел болмақ. Бүкіл дүние жүзінің назарын өзіне аударту тұрғысынан алғанда бұл шара Қазақстанға керемет мүмкіндік. Осындай жоғары деңгейлі шаралар Қазақстанның күн санап, қарыштап дамып келе жатқанын білдіреді. Миллиондаған қазақстандықтармен бірге біз отанымыздың тарихи оқиғасына куә боламыз!»
Басқа жаңалықтар