Сергей Малый - Сейілда Байшақов сыйлығының иегері!
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы маусымды қорытындылауды жалғастыруда. 2021 жылғы маусымның үздік қорғаушысын анықтау мақсатында лигамен OLIMPBET-Қазақстан Чемпионатында ойнаған клуб басшылары, бас бапкерлері және команда капитандары арасында сауалнама өткізілді.
2021 жылы Лиганың шешімімен маусымның үздік қорғаушысының сыйлығына отандық футболдың тірі аңызы Сейілда Икрамұлы Байшақовтың есімі берілді.
Осылайша, Байшақов жүлдесінің алғашқы иегері «Тобыл» ФК мен Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Сергей Малый атанды.
Сауалнама қорытындысы бойынша Малый өзге номинанттарды басып озып, бірінші орынды иеленді. Сергей осы маусымда Чемпионаттың 26 турының 25-де ойнап, 3 гол соқты. Ол «Тобылдың» қорғанысының нағыз көшбасшысы болды. Сонымен қатар ол Қазақстан Суперкубогы аясында 2 ойын өткізіп, соғылған екі доппен ерекшеленді. Қазақстан Кубогының аясында Малый 6 ойын өткізді.
2021 жылы Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 31-жасар қорғаушы 8 матч ойнады.
Сауалнамада екінші орынды еліміздің бас командасының тағы бір мүшесі Әлібек Қасым иеленді. «Қызыл-Жар СК» командасының үздік сұрмергені Чемпионатта 25 матч өткізіп, 7 рет қанжығасын майлады. Тағы бір голды ол OLIMPBET-Қазақстан Кубогында ойнаған 6 ойынның бірінде соқты. Бұдан бөлек Әлібек Солтүстік Македония мен Тәжікстанға қарсы жолдастық кездесулерге қатысып, Қазақстан құрамасы сапында алғашқы ойындарын өткізді.
Үздік үштікті «Қайрат» командасының қорғаушысы Нұралы Әліп тұйықтады. 21-жасар ойыншы 2021 жылғы OLIMPBET-Чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Нұралы ішкі біріншіліктің 25 кездесуінде алаңға шықты, еурокубок аясында 11 ойын өткізді, сондай-ақ Кубокта 4 матч және Қазақстан Суперкубогында бір ойын өткізді. Барлығы аяқталғалы тұрған маусымда 41 ойынында Нұралы 1 гол соғып, 4 нәтижелі пастың авторы атанды. Ұлттық команда сапында Әліп негізгі құрамда өнер көрсетеді. Биыл ол Қазақстан құрамасының жидесін 6 рет киген болатын.
Фото: «Тобыл» ФК баспасөз қызметі