Сейілда Байшақов — 62 жаста!
Құрметті, Сейілда Икрамұлы! Денсаулығыңыз шың болып, әрдайым жаңа белестерді бағындыра беріңіз!
__________
Сейілда Икрамұлы Байшақов 1950 жылдың 28 тамызында Тараз (бұрынғы Жамбыл) қаласында дүниеге келген. Сол жақта футболдың алғашқы әліппесін үйреніп, ең алғаш атақты бапкер Евгений Роттан тәлім алған. Артынша "Энергетик" (Жамбыл) сапында өнер көрсетіп, кейін Қазақ КСР құрамасына шақыртылған.
1969 жылы Александр Севидов 19 жастағы бозбаланы "Қайрат" сапына шақырды. Содан Алматы клубының жейдесін 11 маусымның ішінде 300-ге жуық киіпті. Оның жеті маусымында Байшақов "Қайратты" алаңға капитан ретінде бастап шығып отырған.
Байшақовтың керемет ойын өрнегіне КСРО ұлттық құрамасының бапкерлері де тәнті болып, 1977 жылы Сейілда Икрамұлы Кеңес одағының құрамында екі рет алаңға шығады.
Жасыл алаңдағы футбол ғұмырын аяқтаған Сейілда Байшақов өзін бапкер ретінде сынап көрмек болады. Бірақ бақытын функционер ретінде тауып, ел футболын өрге сүйреуге барынша ат салысады. Алдымен Қазақстан шағын футбол қауымдастығында, одан кейін Қазақстан футбол федерациясында әртүрлі қызметтерді атқарған Байшақов 2007 жылдың тамыз айында ҚФФ вице-президенті болып тағайындалады. Міне, содан бері ел футболының аңызы аталмыш қызметте жемісті жұмыстар атқарып келеді.