KZ
KZ RU
21 қазан 2012 19:48

"Шахтер" — ел чемпионы

21 қазан 2012 19:48

Өткен жылы бас жүлдені бастарынан асырған Қарағандының "Шахтері" биыл да сол биіктіктен көрінді. 25-турда өз алаңында Қызылорданың "Қайсарын" 3:0 есебімен жеңген Виктор Кумыков шәкірттері еліміздің екі дүркін чемпионы атанды.

"Шахтер" кездесуді қарқынды бастады. 7-ші минутта-ақ есеп ашатын мүмкіндіктері болған. Қонақтар өздерінің айып алаңдарында Жамбыл Көкеевті шалып жықты. Нүктеге Роджер Каньяс жақындаған. Алайда колумбиялық легонер "Қайсар" қақпашысы Джоджо Неманьядан айласын асыра алмады. 31-минутта Филип Арсениджевич оң қапталдан ентелей орта тұсқа еніп, допты қақырата тепкен. Джоджо тағы да өз орнынан табылды. Артынша бірден қарымта шабуыл ұйымдастырған қонақтар "Шахтер" қорғанысын бұзып өтті. Боян Мамичтің шығарған пасын ұзақ ұстамастан қақпаға бағыттаған Марьян Маркович "Шахтер" қақпашысын тексеріп көрген еді. Александр Мокин сыр бермеді.


Жалпы алаң иелерінің сапында Мақсат Байжанов үздік болды. Бірінші таймда алғы шептегі әріптестерін әдемі пастармен қамтамасыз еткен жартылай қорғаушы екінші таймда өзі де шабуылға жиі араласа бастады. Нәтижесі жаман болған жоқ. Айналдырған екі минутта екі гол соғып, "Шахтерді" жеңіске жақындатты. Алдымен айып алаңының сыртынан шірене теуіп гол соққан Мақсат артынша допты қақпаға баспен енгізді. Ал үшінші голды ойынның аяқталуына 10 минут қалғанда Жамбыл Көкеев соғып, матчқа нүкте қойды.

Шахтер – Қайсар 3:0 (0:0)
Голдар:
Байжанов 50, Байжанов 52, Көкеев 80
Ойынның 7-минутында Каньяс пенальти орындай алмады.
Ескерту: Көкеев 80
Шахтер: Мокин, Парываев, Тарасов, Джидич, Киров, Аресниджевич (Габышев 67), Байжанов, Каньяс, Көкеев, Лунин (Вишняковс 83), Гридин (Финонченко 55)
Резерв: Григоренко, Борантаев, Боровский, Махамбетов
Қайсар: Неманья, Сагындыков, Црногорац, Мамич, Эсатов, Малков (Эдейпо 67), Абдулин, Анарметов (Стахив 54), Досманбетов (Молдақараев 54), Маркович, Тағыберген
Резерв: Прядкин, Пархачев, Сыздықов, Нарзілдаев
Судьи: Соколов (Астана), Құрбанов, Шабанов (екеуі де – Алматы)
21 қазан. Қарағанды. «Шахтер». 12 000 көрермен


«Шахтер» ФК баспасөз қызметі

 

Фото - Станислав Филиппов