«Шахтер» ойыншылары ҚР чемпионатының алтын медалімен марапатталды
Марапаттау шарасы қарағандылық кеншілер Мәдениет сарайының залында өтті. Маусым үздіктерін құттықтау салтанатына команданың жанкүйерлері, Қарағанды фанаттық бірлестігінің өкілдері, футбол ардагерлерлері жиналды. Шараны жүргізушілер сөз басында осы маусым қарағандылық футболдың тарихындағы үздік шағы деп бағалады. Атақты сайыстарда «Шахтер» ойыншылары ғана емес, сондайлық клуб дублерлері, футбол секциясының ойыншылары, аудан құрамасы ардагерлері де жетістікке жеткенін атап өту керек.
Бұдан соң «кеншілердің» чемпиондық маусымының ең әсерлі сәттері бейнеленген арнайы фильм келген көрермендердің назарына ұсынылды. Көрсетілімнен соң, Қарағанды облысы футбол Ассоциациясының Төрағасы, Қазақстан футбол Федерациясы Атқарушы комитетінің мүшесі, Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов алғашқы боп сөз алды.
- Бүгін Қарағанды облысының футбол сүйер қауымы үшін мереке. Біздің сүйікті командамыз бірінші рет чемпион атанып отыр. Бұл, сөзсіз, керемет жетістік. Оның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығымен тұспа-тұс келіп, жиырмасыншы Қазақстан чемпионатына сай түскені өте қуанышты жағдай, - деп бастады Серік Ахметов.
Ол «Шахтердің» жетістігі – Елбасының тапсырмасымен аймақта спортты, соның ішінде қарағандылықтардың сүйікті футболын дамытуға арнап жасалынған барлық жұмыстардың заңды нәтижесі екенін ерекше атап көрсетті.
Бір маусым ішінде команданың жұмылдырып, жеңіске жетелеген бас бапкер Кумыков Виктор Балютовичтің де аз еңбек сіңірмегенін облыс әкімі өз сөзіне тиек етті. Әрине, жарқын тілектер мен шынайы құттықтаулар өзінің әдемі ойынымен қарсыластарына еш мүмкіндік бермеген футболшылардың еншісіне тиесілі. Олар қай мақтауға да лайық. Қазақстан чемпионатында ғана емес, УЕФА Европа Лигасы ойындарында өз елдерінде үздік саналатын словениялық «Копер» мен ирландық «Сент-Патрикс Атлетик» командаларымен кездесуде жеңіске жетті. Осы маусымға дейін командамыз үш мәрте қол жүлде иеленген болатын.
Сол арқылы «Шахтер» қарағандылық футбол мектебінің еліміздегі мықтылардың бірегейі екенін дәлелдеп берді.
Облыс әкімі жанкүйерлерге де үлкен алғысын білдірді.
- Бәріміз біздің клуб ел чемпионы атанса екен деп армандадық. Осы арманымыз орындалды. Бұған сіздердің де тікелей қатысыңыз бар. Шеберлік шеберлікпен, «Шахтердің» «алтын» тағынуы сіздердің қолдауыңыздың оң нәтижесі десек артық айтқандық емес. Соны сезінген футболшылардың жеңбеуі мүмкін емес еді.
Бұдан соң Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов пен облыс әкімі Серік Ахметов командаға чемпиондық трофей мен медальдарды табыстады.
Қазақстан футбол федерациясы грамотасын, біріншілік алтын медалін және естелік сыйлықтарды иеленушілер:
- Александр Мокин – «Шахтердің» және Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы;
- Александр Григоренко – қақпашы, «Шахтердің» вице-капитаны;
- Никола Василевич – қорғаушы;
- Алдин Джидич – қорғаушы, «Шахтердің» вице-капитаны;
- Андрей Порываев – қорғаушы;
- Евгений Тарасов – қорғаушы;
- Қайрат Отабаев – қорғаушы, Қазақстанның екі мәрте чемпионы;
- Александр Киров – қорғаушы, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы;
- Иван Шевченко – қорғаушы;
- Мақсат Байжанов – қорғаушы, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы;
- Асхат Борантаев - жартылай қорғаушы;
- Вадим Боровский - жартылай қорғаушы;
- Гедиминас Вичюс - жартылай қорғаушы, Литва ұлттық құрамасының ойыншысы;
- Жамбыл Көкеев – жартылай қорғаушы, ел құрамасының ойыншысы, Англияның «Уэмбли» стадионында гол соққан алғашқы және әзірге жалғыз қазақстандық футболшы;
- Ильнур Мангуткин – жартылай қорғаушы;
- Ұлан Қонысбаев – жартылай қорғаушы, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы;
- Душан Петрониевич – жартылай қорғаушы, Сербия ұлттық құрамасының ойыншысы;
- Сергей Хижниченко – шабуылшы, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы;
- Виорел Фрунза – шабуылшы, Молдава құрамасының қазіргі капитаны;
- Серік Досманбетов – шабуылшы;бас бапкер тренер;
- Роман Узденов - бапкер;
- Евгений Свешников - бапкер;
- Олег Корниенко – бапкер;
- Валерий Ситало - бапкер;
- Ерден Халилин – «Шахтер» футбол клубының атқарушы директоры;
- Владимир Нидергаус - спорт директоры;
- Леонид Маслюк – команда дәрігері;
- Кирилл Черненко – команда администраторы;
- Андрей Финонченко – команда капитаны.
Сондай-ақ, Қарағанды облысы футбол Асоциациясы төрағасы, аймақ басшысы Серік Ахметовке де қарағандылық футболды дамытуға қосқан үлесі мен «Шахтер» футбол клубына көрсеткен қолдауы үшін алтын медаль табысталды.
Қарағанды облысы фубол Ассоциациясының президенті, еңбек ардагері, командаға берілген жанкүйер Мәлік Имашев те алтын медаль иегері атанды.
Соңында облыс әкімі футбол командасына ең басты сый – 10 миллион теңгенің сертификатын ұсынды.
Сөзді «Шахтердің» бас бапкері Виктор Кумыков алды:
- Мен осы маусымда көрсеткен қолдауы үшін облыс басшылығына рахмет айтқым келеді. Жанкүйерлерімізге де алғысымыз шексіз. Чемпионаттағы жеңісіміз біздің команданың, қарағандылық спорттық болашақ жетістіктеріне себеп болады деп үміттенемін.
«Кеншілерді» Сейілда Байшақов та құттықтады:
- Мен «Шахтерді» құттықтаймын. Бұл маусымда республикалық турнирлерде қарағандылық клубтың негізгі құрам ойыншылары да, «Шахтер» дублерлері де, жастар командасы ойыншылары да, қарағандылық футболдық ардагерлері де жақсы ойын көрсетті. Сәтті дамып келе жатқан Қарағанды футболынан болашақта да адемі жеңістер күтеміз!
Бұдан соң футболшылар облыс әкімімен, ҚФФ вице-президентімен естелік суретке түсті. Қарағанды облысының мәдени қызметкерлерінің ұйымдастырған концерті шараны жалғастырды.
Қарағандылық әртістер кеш қаһармандарына өз өнерлерін сыйға тартты. Сөйтіп, 2 қараша күні «Шахтер» футболшыларына сый жауған күн болды. Жанкүйерлер «кеншілерді» үздіксіз қолдаумен болды. Биыл үздік жанкүйерлері бар команда Қазақстан чемпионы атанды!
«Шахтёр» ФК Пресс-қызметі