Ширек финалға кімдер шығады?
20 маусым
Қазақстан кубогы. 1/8 финалдың бірінші кездесулері
ЦСКА – Шахтер
Алматы, 17-00, ЦСКА стадионы
Төрешілер: Асхат Абданбаев (Тараз), Шараф Мұхамедияров, Дулат Советханұлы (екеуі де - Семей)
Резервтегі төреші: Александр Павлов (Алматы)
Инспектор: Құрманбек Ордабаев (Шымкент)
Әскерилердің жас командасы үшін бүгін нағыз сын сағаты туайын деп тұр. Ел чемпиондарымен кездеспек. Қарағандылықтар төрт күннен бері Алматыда дайындықтарын жүргізуде. Дегенмен, жарақатына байланысты бұл ойында "кеншілердің" маңызды ойыншыларының бірі Сергей Хижниченко көмектесе алмайды. Сондай-ақ, дисквалификациясына байланысты Жамбыл Көкеев те алаңға шықпайды. Басқаларының барлығы сапта. Виктор Кумыков бұл кездесуде алаңдағы тәжірибесі аз футболшыларына да ойнауға мүмкіндік беретін шығар.
Оқжетпес – Тобыл
Көкшетау, 18-00, «Оқжетпес» стадионы
Төрешілер: Сергей Гороховодацкий (Алматы), Сергей Обрядов, Станислав Лесив (екеуі де - Семей)
Резервтегі төреші: Александр Горда (Көкшетау)
Инспектор: Альберт Карымов (Павлодар)
Біріншілікте бұл командалар турнир кестесінің екі жағында орналасқан. Биыл өзара бір рет кездескен болатын. Премьер-лиганың 4-туры аясында 1 сәуірде Қостанайда өткен ойында "Тобыл" 3:1" есебімен жеңіске жеткен болатын. Дегенмен осыдан үш ай бұрынғы кездесуге қарағанда бүгінде көкшеліктер өздеріне сенімді. Жазғы трансферлік кезеңде "Оқжетпес" құрамын барынша күшейтуде. Жаңа футболшыларының арасында "Тобылда" ойнаған ойыншылар да бар. Оның үстіне, "Тобыл" сапында да өзгерістер бар. Жарақаттарына байланысты шабуылшылар Менсур куртиши мен Игорь Бугаев бүгін қонақтарға көмектесе алмайды.
Айтпақшы, осы командалардың сәуір айындағы кездесулерінде төрелік еткен алматылық Сергей Гороховодацкий бүгін де алаңда қызмет етеді.
Жетісу – Тараз
Талдықорған, 19-00, «Жетісу» стадионы
Төрешілер: Олег Соколов (Астана), Сергей Васютин, Самат Тергеусізов (екеуі де - Алматы)
Резервтегі төреші: Денис Измайлов (Талдықорған)
Инспектор: Владимир Мостовой (Алматы)
Чемпионаттың бірінші жартысын сәтсіз өзткізген "Жетісу" ел кубогында есе қайтармақ. Дегенмен қарсыластары да оңай шағылар жаңғақтардың қатарынан емес. "Тараз" ел біріншілігінің үздік бестігіне нықтап орналасқан. Ел кубогында да сәтті өнер көрсетуді алдарына мақсат қойған.
Бұл кездесу сондай-ақ, білікті бапкерлердің текетірестерімен де қызық. Екі команданы да мықты бапкерлер жаттықтырады. Яғни, бүгінгі ойында бапкерлер әртүрлі комбинациялық жүйелер құруға тырысады деген сөз.
Ал "Жетісу" ойыншылары күннен күнге бас бапкері Слободан Крчмаревичтің талабын жақсы түсініп келеді. Жастар құрамасының аға бапкері "жетісулықтарға" еуропалық ойын үлгісін барынша үйретуде. "Тараз" да қарап отырған жоқ. Бүгінде "тараздықтардың" сапына ағайынды Евстигнеевтер қайта оралды. Сондай-ақ, Константин Заречныймен де келісімшартқа отырды. Бірақ жарақатына байланысты Заречный бұл матчта алаңға шықпайды.
Ақ Бұлақ – Астана
Панфилово, 17-30, ЦСКА оқу-жаттығу орталығы
Төрешілер: Игорь Хисамутдинов (Павлодар), Дмитрий Будниченко (Екібастұз), Бахытжан Кенжебаев (Шымкент)
Резервтегі төреші: Денис Шабалкин (Алматы)
Инспектор: Виктор Заякин (Семей)
«Ақ Бұлақтың» жағдайы жақсы емес. Команда бірнеше көшбасшыларынан айрылды. Мәселен, шабуылшы Қанат Ахметов "Қайратпен" келісімшартқа отырып, жаңа командасының сапында алаңға шығып та үлгерді. Сондай-ақ қорғаушы Олжас Керімжанов пен шабуылды ұйымдастырушысы Жасын Қайыпбаев та командадан кетті. "Астананың" да проблемалары аз емес. Бірақ бұл ойында қонақтардың көшбасшы екендіктері айтпаса да түсінікті.
Ақтөбе – Лашын
Ақтөбе, 20-00, «Орталық» стадион
Төрешілер: Рустам Омаров, Нұрлан Жаспенов (екеуі де - Алматы), Виталий Дерцапф (Орал)
Резервтегі төреші: Юрий Тихонюк (Ақтөбе)
Инспектор: Валерий Агеев (Қостанай)
«Лашын» ел кубогының бірінші кезеңінде нағыз сенсацияның авторы атанды. Естеріңізде болса, жамбылдық жігіттер "Сұңқар" клубын жолдан тайдырған болатын. Ел кубогындағы бәсекені жалғастыруға Сергей Тагиев шәкірттерінің мүмкіндігі зор. Дегенмен, бұл жолғы қарсыласы қарымды. "Ақтөбе" бірте-бірте өз ойынын тауып келеді. Соңғы матчта Владимир Мұқанов шәкірттері "Сұңқарды" жеңген. Сондықтан, қаскелеңдіктерді жеңген қос команданың текетіресі қызық болары сөзсіз.
Қайрат-Академия – Ертіс
Алматы, 18-00, «Қайрат» стадионы
Төрешілер: Марат Ысқақов (Астана), Евгений Бельский, Дмитрий Филоненко (екеуі де - Тараз)
Резервтегі төреші: Ерсұлан Жасыбай (Алматы)
Инспектор: Евгений Шкарин (Шымкент)
"Қайрат Академияның" жас футболшыларымен салыстырғанда бұл текетіресте "Ертістің" мүмкіндігі зор. Дегенмен, бірінші кезеңде алматылықтардың азулы "Атырауды" жеңгенін ұмытпау керек. Ал бұл өз алаңында "Қайрат Академияның" оңай шағылар жаңғақ болмайтынын көрсетеді.
«Ертіс» бұл ойынды аса көп күш жұмсамай-ақ жеңуге тырыспақ. Кездесуде бірнеше көшбасшы ойыншысы болмайды. Оның ішінде команда капитаны Давид Лория да бар.
Қайсар – Қайрат
Қызылорда, 19-00, Ғани Мұратбаев атындағы стадион
Төрешілер: Анатолий Вишниченко (Костанай), Денис Виноградов (Петропавловск), Валерий Гусев (Кокшетау)
Резервный судья: Торебек Жаксылык (Кызылорда)
Инспектор: Бағдат Түсеев (Семей)
«Қайсар» соңғы кезде өз ойын тапқан сияқты. Соңғы турда ел чемпионын жеңді. Жазғы трансферлік кезеңде Владимир Никитенко бірнеше позициясын күшейтіп, мықты легионерлермен келісімшартқа отырды. Дегенмен, "Қайраттың" да қарымды команда, әсіресе кубоктық кездесулерде өздерін бар қырынан көрсете біледі. Алматылықтар бұл турнирде төрт рет жеңіске жеткен. "Қайсарға" қарсы да Пепе Серер шәкірттері барынша тырысары сөзсіз.
Ақжайық – Ордабасы
Орал, 20-00, П. Атоян атындағы стадион
Төрешілер: Айдын Рахымбаев (Алматы), Бейбіт Көпжасар, Анарбек Сарқұтов (екеуі де - Қызылорда)
Резервтегі төреші: Булат Сариев (Орал)
Инспектор: Николай Бублинский (Қарағанды)
Ел кубогының иегері біріншіліктің кездесуінде Дәуренбек Тәжімбетовтың дублінің арқасында "Ақжайықты" жеңген болатын. Дегенмен, ол ойын Шымкентте өткен. Ал Оралда Пасулько шәкірттеріне оңай болмайды.
Екі команда да жылдам, қарқынды ойын үлгісін көрсете біледі. Сондықтан, текетірестің жеңімпазы бірінші кездесуде-ақ анықталады деп айтуға ерте.