KZ
KZ RU
08 мамыр 2024 23:44
OLIMPBET КУБОК

Ширек финал: «Ақтөбенің» жігерлі жеңісі

08 мамыр 2024 23:44

8 мамыр күні OLIMPBET QFL Қазақстан Кубогы турнирінің жартылай финалистері белгілі болды.

 

«Тобыл» - «Астана» - 1:0

Гол: Ислам Чесноков, 20 минут (1:0)

Қақпаға дәл бағытталған соққылар: 7:1

Жанкүйер саны: 2 850

Ширек финалда ең мықты жұптың бірі саналған матчтың негізгі құрамы жарияланған сәтте-ақ «Тобылдың» басым түсетіндігі басым болды. Себебі, «Астана» ойынға жартылай қосалқы құрамның футболшыларын шығарды. Нәтижесінде бірінші таймда-ақ Игор Ивановичтың сол қапталдан асырған пасын ұлттық құраманың ойыншысы Ислам Чесноков голға айналдырды. Бұл Ислам үшін осы маусымдағы алғашқы голы. Қалған уақытта есеп өзгермеді. Әзірше «Тобыл» ғана OLIMPBET QFL Премьер-лига, OLIMPBET QFL Қазақстан Кубогында жеңілмей келе жатқан жалғыз команда.

 

«Атырау» - «Қайрат» - 3:1

Голдар: Игорь Стасевич, 10 минут (1:0), Олжас Керімжанов 13 минут (2:0), Якоб Новак, 44 минут (3:0), Офри Арад, 70 минут (3:1)

Соғылмаған пенальти: Жоао Пауло («Қайрат»), 18 минутта қақпашы қайтарды.

Алаңнан қуылған: Әділбек Жұмаханов («Атырау»), 17 минут

Қақпаға дәл бағытталған соққылар: 6:9

Жанкүйер саны: 5 500

Бес күн бұрын Алматыда өткен матчта пенальти қайтарып, ойын тағдырын өзгерткен «Қайрат» қақпашысы Вадим Ульянов болып еді. Осы жолы да сол үрдіс қайталанды. Бірақ керісінше «Атырау» қақпашысы Хаткевич сұрмерген Жоао Паулоның сол бұрышқа тепкен добын дәл тапты. Бразилия футболшысы бұған дейін «Жетісу» қақпасына да гол кіргізе алмаған болатын. Ал айып алаңында қолына доп тигізіп, пенальти әкелген Әділбек Жұмаханов бірден алаңнан қуылды. Десе де, алаң иелері бірінші таймда 3 гол соғып, жартылай финалдың жолдама иегерін анықтап тастады. Екінші таймда «Қайрат» қанша қыспаққа алғанмен, Офри Арад ғана 1 голмен жауап қата алды. Былтыр да «Атырау» ширек финалда «Қайраттан» айласын асырған еді.

 

«Ордабасы» - «Ақтөбе» - 1:2 (қосымша уақыттан кейін)

Голдар: Евгений Макаренко, 91 минут (1:0), Дорни Ромеро, 105+3 минут (1:1), Жан Жайро, 117 минут (1:2)

Алаңнан қуылған: Айбол Әбікен, 103 минут («Ордабасы»)

Жанкүйер саны: 17 083

Негізгі уақыттағы басты оқиға 75-ші минутта 2 жыл бойы футболдан аластатылған Айбол Әбікен алаңға шығуы болды. Дегенмен, өкінішке қарай бұл футболшы овертаймда қарсыластың аяғына қауіпті ойнағаны үшін 103-ші минутта алаңнан қуылды. Матчтың ең қызықты бөлігі овертаймда өрбіді. Алдымен 91-ші минутта Евгений Макаренко алыстан теуіп, «Ордабасыны» алға шығарғанымен, Дорни Ромеро бірінші овертаймда-ақ есепті теңестірді. Ал екінші овертаймның соңында Жан Жайро бірнеше футболшыны алдап өтіп, «Ақтөбе» үшін жеңіс голын соқты.

 

«Елімай» - «Қызылжар» - 1:0

Гол: Никита Корзун, 88 минут (1:0)

Жанкүйер саны: 8 000

Деңгейі шамалас клубтардың ойынында әр допқа талас соңына дейін жүрді. Ешқайсысы бір-біріне есесін жібергісі келмеді. Бұндай бәсекеде 1 гол ғана жеңімпазды анықтайтын еді. Нәтижесінде овертаймға ұласуға жақын қалғанда, Никита Корзун 20 метрдей қашықтықтан әдемі гол соғып, ойын нүктесін қойды. Осылайша, «Елімай» дәл осы атаумен сонау 2003 жылы жартылай финалда ойнаған еді.

 

Жартылай финал ойындарының кестесі:

29 мамыр

18:00 «Тобыл» - «Атырау»

20:00 «Ақтөбе» - «Елімай»

19 маусым

20:00 «Атырау» - «Тобыл»

20:00 «Елімай» - «Ақтөбе»

 

OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының жеңімпазы 29 қыркүйекте белгілі болады.