KZ
KZ RU
29 ақпан 2020 21:55

Стойчо Младенов: «Команданың ойынына көңілім толады»

29 ақпан 2020 21:55
«Астана» - «Қайсар» арасындағы Қазақстан Суперкубогы аясындағы кездесу аяқталғаннан кейін, қызылордалық команда бас бапкері Стойчо Младеновтың қатысуымен баспасөз жиыны өтті:
 
- Бірінші таймда аздап қобалжығанымызбен, кездесудің екінші бөлігінде өзіміздің нағыз күшімізді көрсеттік. Команданы алаңда көрсеткен жақсы ойынымын құттықтағым келеді. Екінші таймда гол соғатын бірнеше мүмкіндік болды. Дәл қазір команда құрамына қапталда ойнайтын шабуылшы мен қақпашы қажет. Егер осы мәселе шешімін тапса, маусымға толық дайын боламыз. Команда құрамындағы қазіргі бәсеке деңгейімізді көтеретіні анық. «Астана» - Қазақстандағы ең мықты команда. Бүгін олармен тең ойын көрсеттік. 
 
- Қазақстан Суперкубогына арнайы дайындық жасадыңыздар ма?
 
- Оқу-жаттығу жиынын өз жоспарымызға сай дайындық өткердік. Әрине, Суперкубоктың біздің клуб үшін маңызы жоғары. Дегенмен, біз осы ойынға ғана емес, маусым барысына да дайындалдық. Біз де, «Астана» да алдағы уақытта өздерінің ең жоғарғы деңгейлерін көрсететін болады. 
 
- Негізгі қақпашы кім болатынын шештіңіз бе?
 
- Мен жоғарыда атап өткендей, команда құрамына жаңа қақпашының келуін күтеміз. 
 
- «Қайсар» сапынан екі үздік сұрмерген кетіп қалды. Оларсыз жаңа команда жасақтауға дайынсыз ба?
 
-  Мбомбо мен Тигранды лайықты алмастыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасадық. Ойыншы таңдауда барынша дұрыс шешім қабылдауға тырысамыз. Себебі, құрамға қосылатын жаңа ойыншы бізді күшейтуі қажет. Тигран – жан-жақты ойыншы. Сондықтан, оны алмастыру қиындау болады. Бірақ барынша командалық ойын құруға тырысатын боламыз.
 
- Команда алғаш рет осы маусымда үш бағытта ойнайды. Қаншалықты дайынсыздар?
 
- Бірінші кезекте жақсы бәсеке құра алдық. Жоғарыда айтқан екі футболшыны қатарға қосатын болсақ, менің көңіл-күйім орнына түсері анық. Бүгінгі көрсеткен ойынымыз, команданың алдағы маусымға дайындығы жақсы екенін көрсетеді. Соңғы үш жылда «Қайсар» командасының көрсеткен ойынын одан әрі жақсартуға тырысамыз.