KZ
KZ RU
25 ақпан 2024 10:47
OLIMPBET СУПЕРКУБОК

Суперкубок күні: Клубтар маңызды ойынға қалай дайындалды?

25 ақпан 2024 10:47

Бүгін Түркияның Анталия қаласында футболдан Olimpbet-Қазақстан Суперкубогының ойыны өтеді.«Ордабасы» мен «Тобыл» клубтары арасындағы кездесу Астана уақыты бойынша сағат 18:00-де басталады.«Титаник Мардан» стадионындағы тартысты бәсекені  «Qazsport» республикалық телеарнасы  тікелей эфирде көрсетеді. 

 

Кезінде жасөспірімдер Еуропа чемпионаты мен көптеген жолдастық кездесулерді қабылдаған стадион маусымның алғашқы ресми жүлде иегерін анықтауға дайын. Маңызды ойын қарсаңында клубтар стадионда жаттығуларын өткізіп, отандық БАҚ-тың сұрақтарына жауап берді. «Тобыл» бапкері Милич Чурчич Белекте өткен алғашқы маусым алдындағы турнирдің финалын еске түсірді. 4 күн бұрынғы додада қостанайлықтар ойын соңындағы пенальти сериясы бойынша «Ордабасыға» есе жіберген еді. 

 

«Біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз, 4 күн бұрын ғана ойнадық. Менің командам дайын екеніне сенімдімін. Иә, жаңадан келгендер көп, бейімделуге уақыт қажет, бірақ энергия бар, атмосфера жақсы. Біздің мақсатымыз — жақсы футбол көрсетіп, жеңіске жету», - деді Милич Чурчич.
 
Сонымен қатар, «Ордабасы» да жеңіске жетуді көздейді. Шымкенттік клубтың капитаны Асхат Тағыберген биылғы Суперкубоктың тарихи сипатын атап өтіп, кездесуді өткізуге барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Ал команданың бас бапкері Александр Седнев жыл басынан бері Түркияда өткен клубтың оқу-жаттығу жиынын қорытындылады.  
 
«Маусым алдындағы Суперкубокты футболшыларымның жеңгісі келетінін білемін. Біз біршама жұмыс жасадық, мұнда көп уақыт өткіздік. Физикалық және психоэмоционалдық шаршау бар. Бірақ бұл жеке ойын. Оң нәтижеге қол жеткізу үшін, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді Александр Седнев.
 
Айта кетейік, Суперкубокты әртүрлі елдерде өткізу көшбасшы лигалар үшін қалыпты үрдіске айналған.  ҚКФЛ үздік әлемдік тәжірибені қабылдап қана қоймай, клубтардың да мүдделерін ескереді. «Ордабасы»  мен «Тобыл» жыл басынан бері Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп келеді және жаттықтырушылар кеңесі маусым қарсаңында футболшыларын жақсы физикалық қалыпта сақтауға тырысады. 
 
Ең мықты командалардың шайқасын жіберіп алмаңыз! Ойынның негізгі сәттері мен голдары біздің Telegram арнамызда да қолжетімді болады.