26 ақпан 2019 10:22
Тәжірибе мен өршілдіктің тартысы
26 ақпан 2019 10:22
Әр командада бапкердің атқаратын рөлінің маңызы өте зор. Әсіресе, маусымның алғашқы ойынында шешуші тұлға бас бапкер болмақ.
Тәжірибелі Роман Григорчук пен өр мақсатты Алексей Шпилевский... Маусымаралық үзілісте шәкірттерін қай бапкер жақсы дайындай алды деген сауалға Суперкубок үшін өтетін бәсеке жауап бермек. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы бапкерлердің еңбек жолын баяндайды.
«Астананың» қазіргі бас бапкері «Қайраттың» жаттықтырушысымен салыстырғанда қазақстандық футболмен ертерек танысты. Ол өткен жаздың алғашқы күнінде елордалық ұжымның тізгінін қолға алған еді. Рет-ретімен тоқтала кетсек. Роман Григорчук кезінде шабуылшы болып ойнады. 80 жылдардың басында украиналық «Прикарпатье», кейін австриялық «Санкт-Пельтен» және польшалық «Петрохемия» командасында бағын сынады. Сонан соң еліне оралып, «Кривбасстың» намысын қорғады. Ресейлік «Сатурнда» да доп тепті. 2000 жылы Латвияның «Динабург» сапында ойнап, футболшы мансабын аяқтады. Әрі қарай сол команданың жаттықтырушысы болып, екінші жылы команданы ел кубогының финалына алып шықты. Украиналық маманның келесі еңбек жолы Латвияның «Вентспилс» командасы болды. Үш рет чемпионатта жеңіске жетіп, екі рет кубокта топ жарды. Үш рет үздік бапкер атағаны иеленді. Осы жеңістерден кейін Роман Григорчук туған жерге қайта оралды. Запорождық «Металлургтен» кейін Бірінші лигада ойнайтын одессалық «Черноморец» командасына ауысты. Қысқа мерзім ішінде Роман Иосифович портты қалада жақсы команда жасақтай алды. Украина футболының жоғары дивизионына оралып, ел кубогының финалына шықты. Сонымен қатар, Еуропа Лигасының 1/16 финалына өтті. Осы атақтардың барлығы клубтың тарихында атын қалдыруға ықпал етті. Әрі қарай Әзірбайжанға жол тартып, «Габала» командасына бас бапкер болып тағайындалды.
«Габала» футбол клубымен екі рет ұлттық кубоктың финалына шығып, чемпионаттың күміс және қола жүлделерін жеңіп алды. Нәтиже жаман емес. Оның үстіне Әзірбайжан футболында үстемдік құрған «Қарабахпен» бәсекеге түсу оңай болмады. Украиналық бапкер «Габаланы» екі рет Еуропа Лигасының топтық кезеңіне алып шықты. Бұл оның Әзірбайжан жеріндегі ең үлкен табысы болды. Содан соң 53 жастағы Роман Григорчук «Астананы» жаттықтыра бастады. Алайда, бір айдан соң команданың қатарынан кетуге мәжбүр болды. Ол өзінің міндетіне маусымаралық үзілісте қайта оралды. Суперкубок жеңісі оның табысқа жетудегі алғашқы мүмкіндігі болмақ.
Алексей Шпилевский жеке футбол тарихы бар. Қысқа да болса ойын карьерасы болды. Болашағынан зор үміт күттірген футболшы Германияның «Штутгартының» жасөспірімдер командасында ойнады. 2000 жылдары 17 жасқа дейінгі Беларусь жасөспірімдер құрамасының сапында Еуропа Чемпионатының финалдық кезеңіне өткен еді.
Алайда, турнир алдында ауыр жарақат алып, кәсіби футболшы атанамын деген қиялы мен үміті үзілді. Шпилевский толықтай бапкерлік қызметке көңіл аударды. Бірнеше жылдан соң «Штутгарт» құрылымында балаларды жаттықтыра бастады. Сәлден соң жұмыс орнын «РБ Лейпциг» академиясына ауыстырды. Клубтың балалар және жасөспірімдер командасымен жүйесі жолға қойылған болатын. Балалармен ең үздік бапкерлер жұмыс істеді. Соның бірі – «Қайраттың» жаңа бапкері.
Ең алдымен он үш жастағы балалар сеніп тапсырылды. Кейін он алты жастағы жаөспірімдерді жаттықтырды. Өткен жылдың маусымында жас маман алғаш рет кәсіби команданы жаттықтырды. Ол Беларусь елінің «Динамо Брест» командасын басқарды. Алғашқы үш ойында жеңіске жеткеніне қарамастан, екінші айда жұмысын тастауға мәжбүр болды. Өткен жылдың қараша айының соңында Алексей Шпилевский «Қайрат» футболшыларына таныстырылды. «Осы күнді асыға күттім. Команда өз алаңында өтетін ойынға асық. Бас жүлдеге қол жеткізіп, чемпионатты жақсы көңіл-күймен бастауға ұмтыламыз!» - деді беларусь маманы.
Басқа жаңалықтар