Талғат Пошымов: «Жаңа маусымда үшінші орын тамаша нәтиже болады»
Алдағы тұрған мақсаттар туралы ҚКФЛ-дың ресми сайтына клуб директоры Талғат Пошымов айтып берді.
- Талғат Батырханұлы, жаңа маусымға дайындық қалай өтуде?
- Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бірбөлек деген жерде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Команда сапында 35 футболшы жүр. ОЖЖ екі аптаға созылмақ, ал содан кейін команда Түркияға аттанады. Осы елде де «Қыран» екі аптадай болады. Жоспарымызда бақылау ойындары да бар. Мүмкін үшінші оқу-жаттығу жиынына Түркияда қаламыз.
- Жаңадан келген футболшылар бар ма?
- Команда сапында алматылық ЦСКА клубының қорғаушысы Асхат Балтабеков жаттығуда. Байқаудан кейін оның клубтағы болашағы белгілі болады. Былтыр «Қайсар» сапында өнер көрсеткен қақпашы Мақсат Сейдахмет бізге оралды. Қазақстан құрама командасының бұрынғы қорғаушысы Сергей Козюлин футболмен қош айтысты. Енді ол бапкерлік штабта жұмысын жалғастырады. Тағы команда сапында бірнеше Шымкент футболының жас түлектері байқауда жүр. Легионерлеріміз жоқ. Биылғы маусымда қазақстандықтарға ерекше үміт артамыз.
- Командадан үздік сұрмерген Мұрат Онал кетті.
- Бұл тек қана оның шешімі. Мұрат Қазақстан азаматтығын алғысы келді, бірақ Голландия елінің паспортынан айырылудың себебін көрмеді. Қазақстан Республикасының заңы бойынша, екі елдің азаматтығын алуға тыйым салынған. Оның ойыны бізге ұнаған, «Қыран» сапында өте көп гол соққан. Онал Қазақстан құрамасында ойнағысы келді, бірақ, өкінішке орай, ұлттық командаға шақырту алған жоқ.
- Алдағы маусымға мақсат қойдыңыз ба?
- Премьер-лигада Оңтүстік Қазақстан облысының намысын «Ордабасы» клубы қорғайды, сондықтан жоғары дивизионға жолдама алу мақсатымыз қойылмаған. Менің ойымша, үшінші-бесінші орындары бізді толық қанағаттандырады. Мысалы, үшінші орын медаль алуға мүмкіндік береді. Премьер-лигаға жолдама алу үшін тартысты күрес болады. Осы жолдамаларға үміткерлердің арасында «Қызыл-Жар СК», «Қайсар» және «Алтай» секілді клубтары бар.
- Козюлиннен басқа бапкерлік штабта өзгерістер бар ма?
- Әмірби Динаев та, оның көмекшілері де командада қалады. Оған Әуелбек Дербісбаев және Сергей Доронин көмектеседі. Бақыт Күшенов жастар командасының дамуы бағдарламаның жетекшісі ретінде өз жұмысын жалғастырады.
- Аймақтағы балалар және жасөспірімдер футболын дамыту үшін клуб қандай жұмыс атқаруда?
- Бұл жақта жұмыс атқарылды, тағы да өз жалғасын табады. Айтқандай, қазір бірнеше жас футболшылар команда сапында байқауда жүр. Солардың барлығы, әрине, негізгі командада қалмайды, бірақ кейбіреулерін Екінші лигада өнер көрсететін «Шалқар» клубына жібереміз.
- «Ордабасының» түлектері командада ойнайды ма?
- Әрине, себебі екі клубтың арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған. «Ордабасы» біздің клубқа бірнеше жас футболшыларын тәжірибе алу үшін жібереді. Ал «Қыранның» ең үздік ойыншылары Премьер-лигада өнер көрсетуге мүмкіндік алады.
- Биыл «Қыран» Қажымұқан Мұнайтпасов атты стадионында өз қарсыластарын қабылдайды ма?
- Иә. Осы жылы да аталған стадионда ойнаймыз.