KZ
KZ RU
29 мамыр 2024 13:31
1ХВЕТ ЛИГА КУБОГЫ

Талантты жас футболшылар үлкен деңгейде ойнауы керек – Владимир Никитенко

29 мамыр 2024 13:31

Өткен аптада еліміздегі жаңа турнир 1ХВЕТ QFL Лига кубогы ресми түрде басталды. Басты кубок үшін отандық 16 клуб талас жүргізуде. Оның 3 командасы 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасында өнер көрсетеді. Бірінші турда «Каспий» клубы Жаңаөзен қаласында OLIMPBET QFL Премьер-лиганың ұжымы «Шахтерді» жеңіп кетті. Осы орайда «Каспий» ФК бас бапкері Владимир Никитенко турды қорытындылап, QFL.KZ сайтына алдағы жоспарымен бөлісті.

 

- Владимир Андреевич, 1ХВЕТ QFL Лига кубогының бірінші турында «Каспий» екінші таймның ортасында бір ойыншысы алаңнан қуылса да, маңызды голды соғып, 3 ұпайды еншілеп кетті. Сіздің осы матчқа деген жоспарыңыз орындалды ма? Әлде мінездің арқасында 10 футболшымен гол соқтыңыздар ма?

- Екінші таймдағы қызыл қағазға дейін жоспарымыз жүзеге асып келе жатқан. Тіпті екінші таймда жаман ойнадық деп айта алмаймын. Бірақ бір ойыншымыз алаңнан қуылған соң, жағдайымыз қиындады. Қарсылық таныттық. Алайда оңайға соқпады. 85-ші минуттарда қонақтардан да футболшы екінші ескертуін алып, жасыл алаңдағы ойыншыларымыз қайта теңесті. Нәтижесінде шешуші голды соқтық. Жалпы матч тең дәрежеде болды.

 

- Сіз бұған дейін 1ХВЕТ QFL Лига кубогын маңызды турнир деп едіңіз. Команданың мақсаты қандай? Енді сіздер сырт алаңда «Астанамен» ойнайсыздар. Осы орайда «Каспийдің» жартылай финалға шығуға әлеуеті жете ме? Әлде барлығы үшінші турда өз жеріңіздегі «Жетісуге» қарсы ойында шешіле ме?

- Бір айдан кейін не болатынын айту қиын. Алда көптеген матчтар бар. Енді қайтадан 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасына назар аударамыз. Біздің әр кездесуге жоспарымыз - жеңіс және әр футболшыға теңдей мүмкіндік беру. Жасыл алаңға аз шыққандар да ойын уақытын алады. Бұл турнир сондай мүмкіндік береді. Сонымен қатар OLIMPBET QFL Премьер-лига командаларына қарсы өз күшімізді тексере аламыз. Қаржылық жағы да ойынға әсер етеді. Футболшы үшін бір маусымда Премьер-лига және Бірінші лигадағы ресми 24-30 матч өткізу өте аз көрсеткіш. Сондықтан турнирге қатысқанымызға қуаныштымыз. 

 

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының кей командалары матчқа қосалқы құрамдарын шығарды. Яғни негізгі футболшыларынан бөлек, жастарына мүмкіндік берді. Бұл фактор «Каспийге» және 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының өзге клубтарына артықшылық бере ме?

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасы мен біздің арамызда үлкен айырмашылық бар. Регламенттеріміз әр түрлі. Бізге қиынырақ. Егер қарсыластарымыз жастарын шығарса, онда таласып көруге болады.

 

- 1ХВЕТ QFL Лига кубогының алғашқы турында Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарының арасындағы тартысты матчтарға куә болдық. Жанкүйерлер толы стадион және керемет голдар. Сіздің ойыңызша, жаңа кубок ақшалай жағынан бөлек, қандай өзгеріс бере алады? Қатысушылар үшін бұл бәсеке қызық па?

- Жаңа турнирде нәтиже қатты әсер етпейді. Сондықтан креативті іс-әрекеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Жас футболшыларға өздерін көрсетуге керемет мүмкіндік. Біз кей ойыншылардың деңгейін де көрдік.

 

- Ақтаулық клубтың сапында жас ойыншылар көп. Сіздің ойыңызша, осындай турнирге қатысу және Премьер-лига ұжымдарына қарсы ойнау оларды дамытуғп септігін тигізе ме?

- Әрине, сөзсіз. Егер біз жұлдыздарды тәрбиелегіміз келсе, талантты жас футболшылар үлкен деңгейде ойнауы керек.

 

- «Каспийдің» жеңіліссіз сериясы 9 матчты құрады. Тұрақтылыққа не әсер етеді? Ойыншыларды қалай жігерлендіресіз?

- Бастысы – бұл мотивация. Клубтың және ойыншылардың мотивациясы әр матч сайын күшеюі керек. Футболшылардың алаңдағы өз орнын түсінуі де маңызды.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Лига кубогының келесі туры 6-7 шілде күндері өтеді. 2-ші тур аясында «Каспий» сырт алаңда «Астанамен» шеберлік байқасады. Ойын 7 шілде күні 20:00-де Алматыдағы «Хан-Тәңірі» стадионында өтеді.