KZ
KZ RU
10 ақпан 2012 02:19

«Тараз» "Пахтакормен" тең түсті

10 ақпан 2012 02:19

«Тараз» бірінші минуттан алаңға мына құрамда шықты: Сенидин Оштракович, Нұртас Кургулин, Александр Кучма, Эрсин Мехмедович, Андрей Шабаев, Небойша Пртеняк, Бауыржан Исламхан, Абдуллай Диакате, Невен Вукман, Эдуард Сергиенко, Иван Перич.

15 минутта Эдуард Сергиенко шабуылдағы әріптесі Иван Перичке керемет пас асырған еді, алайда "Пахтакор" қорғаушылары серб легионеріне допты ырқына көндіруге мүмкіндік бермеді. Сондай-ақ, Бауыржан Исламхан да бірнеше мәрте "Пахтакор" қақпащысын алыстан тексеріп көрді. Доп діттеген жеріне жеткен жоқ. Бірінші таймның соңында өзбектер белсенді болды. Бірақ шабуылшылары мүмкіндіктерін голға айналдыра алған жоқ.

Екінші таймда екі командада құрамын жаңартты. "Тараз" сапында Вячеслав Соболев, Мирослав Лечич, Андрей Цветков, Берік Айтбаев, Мадияр Мүмінов, Елдос Ахметов, Юсуф Салех алаңға шықса, матч соңына қарай, Любко Петрович Ардақ Қарпық, Мақсат Әмірханов, Шерхан Бауыржан, Ерзат Кенбаев сынды жастарға да өз мықтылықтарын дәлелдеуге мүмкіндік берді. Негізі, екінші таймда қарсыластар жиі шабуылдағанымен "тараздықтардың" қарымта шабуылдары қауіптірек болды. Тіпті, Мирослав Лелич қақпашымен жеке-дара шыққан, бірақ өзбек қақпашысынан айласын асыра алмады.
Сөйтіп, матчта гол соғылған жоқ.
Соңғы кездері "Пахтакор" қазір бұрынғыдай емес, әлсіздеу" деген сынды сөздерді жиі естіп жүрміз. Дегенмен, бұл клубтың ынтымағы жарасқан, әлі бұрынғы бабын жоғалтпаған ұжым екеніне осы жолы көзіміз жетті.

Матчтан кейін "Тараз" командасы бас бапкерінің көмекшісі Милош Крушчич ойыннан алған әсерімен бөлісті.
- Керемет кездесу болды. Бірінші таймда есеп ашатын мүмкіндік болған еді, екінші таймда да екі рет гол соғуға сәл қалдық. Дегенмен, бүгін голсыз қайттық. Бұған қарамастан "Пахтакор" секілді азулы командаға қарсы жақсы ойнадық. Ал бапкерлер кеңесі жаңа маусым алдында қай футболшылардың қандай кемшіліктерін түзеу керек екенін анықтай алды деп ойлаймын.

 

 

"Тараз" ФК баспасөз қызметі