KZ
KZ RU
11 мамыр 2012 10:05

«Тараздың» демеушісі – «Алатау»

11 мамыр 2012 10:05

«Тараз» футбол клубында – жаңа демеуші. «Алатау» сақтандыру компаниясы аталмыш клубқа 30 миллион теңге бөлетін болды.
Бұл жөнінде «Тараз» клубының басшысы Әлімбек Жұмабаев пен «Алатау» сақтандыру компаниясы» акционерлік бірлестігінің басқарма төрағасы Әділжан Тұрсынов екеуара келісімге қол қойды. Сондай-ақ «Тараздың» футболшылары жазатайым оқиғалардан (оның ішінде ойын үстінде жарақат алып қалудан) сақтандырылатын болады.

«Бұл компания – елімізге «Қазсат» ғарыш жобасы арқылы танымал, «Алатау» СК осы жоба үшін Үкіметке 9 миллиард теңге көлемінде сақтандыру төлемін төлеген. Яғни бұл – өзіне жауапкершілік пен міндеттеме алудан қорықпайтын компания», – деп мәлімдейді Қазақстан футбол федерациясы.

«Тараздың» биылғы маусымды тәп-тәуір бастауы, ел футболының көшбасшыларының өздерін тізерлетуі және команда тізгінін дүниежүзіне танымал маманның, яғни Любко Петровичтің жаттықтыруы аталмыш сақтандыру компанияның назарынан тыс қалмай, қызығушылық танытқан.

Ал «Тараз» футбол клубы екеуара ынтымақтастық ұзағынан болғанын қалайды. Егер дәм-тұздары жарасып жатса, жаңа демеушінің логотипі алдағы уақытта «Тараз» клубының жейдесінен орын алмақ. Демеуші логотипі әзірше Орталық стадиондағы жарнамалар жарияланатын жерлердің төріне орналастырылмақ.

 

Виктор БАРБАШ (фото)