"Тобыл" алға озды
Оныншы турдың аясында өз алаңында "Жетісуды" жеңген "Тобыл" басты бәсекелестерінен төрт ұпайға алға шықты.
Дегенмен, қуғыншылар да аз емес. "Ақжайық" пен "Тараздан" бөлек, ел чемпионы "Шахтер" да "Тобылды" қуып жетуге асық. Өзгелерден бір матчқа кем өткізген "Ордабасы" да көшбасшылардың қатарына қосылу мүмкіндігі бар.
"Шахтер" өз алаңында басты бәсекелестерінің бірі "Ақжайықты" қабылдап, Игорь Зеньковичтің голынан кейін 0:1 есебімен жеңіліп жатқан. Дегенмен, Жамбыл Көкеев екі гол соғып, қарағандылықтарды алға шығарса, ойын соңына таман шалқалай секіріп, допты қайшылай тепкен Гедиминас Вичюс қонақтардың қақпасына үшінші голды соқты. Айта кетейік, бұл күні "Шахтердің" бас бапкері Виктор Кумыков 49 жасқа толған еді.
- Кезекті рет жігіттеріме жігерлік танытуға тура келді. Иә, жігерлі болған бір жағынан жақсы. Дегенмен, мұндайға жеткізбеу керек. Жеңіске жүйке жұқартпай жеткен жақсы. Бүгінгі матч өте ауыр болды. Алайда маған осындай сый жасаған шәкірттеріме алғыс айтамын, - деді UEFA.com сайтына сұхбат берген Кумыков..
Бірақ бұл күні БАҚ-тың басты назарында басқа бапкер болды. Туған күнін тойламаса да, Слободан Крчмаревич өзінің Қазақстан премьер-лигасындағы бас бапкер ретінде дебютті кездесуін өткізген еді. Бірақ қарсыласы да қара жаяу емес еді. Түзде "Тобылмен" ойнады. Бәрі де Крчмаревич үшін сәтті басталған. Оның жаңа командасы бірінші болып гол соққан еді. Бірақ Вячеслав Грозный шәкірттері намысқа тырысып, екі гол соғып кетті..
- Біз жеңіске лайықты едік. Егер есеп 1:0 болып тұрған кезінде біздің шабуылшылар өздерінде болған екі жүз пайыздық мүмкіндікті орындағанда, біз Қостанайдан жеңіспен қайтар едік, - деді Крчмаревич UEFA.com сайтына берген сұхбатында.
Турдың тағы бір орталық кездесуі жеңімпазды анықтай алмады. 19 жастағы Бауыржан Исламхан соққан керемет голдан кейін "Тараз" алға шыққан. Бірақ ойын соңында "Ертіс" есепті теңестіріп кетті. Дәл осындай есеп Алматыда да тіркелді. Марк Гурманның өз қақпасына соғып алған голынан кейін "Ордабасы" алға шыққан. Дегенмен, Йосип Кнежевич алыстан шірене соғып, есепті теңестіріп кетті.
"Атырау" өз алаңында "Қайсардан" жеңілді. Ал "Астана" елордада "Сұңқардан" айласын асыра алмады. Айта кетейік, бұл қаскелеңдіктердің биылғы біріншіліктегі бесінші тең есебі.
Осы турдың алдында "Оқжетпестің" бас бапкері ауысып, команда тізгінін Владимир Чебурин өз қолына алған болатын. Ол өткен жылы көкшеліктерді премьер-лигаға жетелеп шығарған. Бірақ маусым алдында "Оқжетпестің" бас бапкері ауысып, украиналық маман Виктор Догодайло қызметке келген. Алайда көп ұзамай-ақ Догодайло "отставкаға" кеткен. Енді міне, Чебурин қайта оралды. Ал команда өз алаңында "Ақтөбеден" 1:4 есебімен ойсырай жеңілді.
UEFA.com