KZ
KZ RU
10 қаңтар 2014 19:18

«Тобыл» «Може Мирим» командасымен тең түсті

10 қаңтар 2014 19:18
Бірінші тайм өте тартысты өткенімен екі команда да үзіліске голсыз қайтты. Дегенмен, айта кетуіміз керек, қостанайлықтардың қақпашысы Александр Петухов алғашқы 45 минуттықта ойынға тек бір-ақ рет қосылды.
 
Екінші таймда екі команда жинақы ойнай бастады. "Тобыл" тіптен қарқынын күшейтті. Әсіресе Огнен Красич өз қапталында өте шапшаң болып, қарсылас қорғаушыларын қайта-қайта алдап өтіп жатты. Сондай сәттердің бірінде бразилиялық қорғаушылар Огненді шалып жығып, төреші "Може Мирим" қақпасына айып добын белгіледі. Алексей Малышев орындаған айып добы бөгет құрған футболшыларға тиіп, өзіне қайта серпілген. Жерлесіміз екінші мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Осылайша "Тобыл" алға шықты.

Дегенмен, жеңісті есепті ұстап тұра алмадық. Бразилиялықтар Алмат Бекбаевтың қақпасынан саңылау тауып кетті.
 
Кездесу соңына таман қостанайлықтар шабуылға түгелдей лап қойғанымен доп "Може Мирим" қақпасына дарымай қойды. Огнен Красичте гол соғатын өте керемет мүмкіндік болған. Бірақ оның да добы діттеген жерге жеткен жоқ.
 
"Тобыл" футболшыларының барлығы бір-бір таймнан ойнады. Тек Виталий Волковқа ғана өзгелерге қарағанда сәл көбірек мүмкіндік берілді. Жарақат алған ешкім жоқ.
 
Айта кетейік, бірінші ойынды "Тобыл" Түркияның "Пайас" командасымен өткізген. Ол кезде трибунала көрермендер өте көп болатын. Бұл жолы соншалықты көп болмады. Бірақ ойынды тамашалаушылардың арасында "Мордовия" футбол клубының бас бапкері байқалды. Бұл командамен қостанайлықтар 17 қаңтарда жолдастық кездесу өткізеді. Ал оған дейін Әзірбайжанның "Габала" командасымен кездеспек.


fc-tobol.kz