«Тобыл» - OLIMPBET-Суперкубогының жеңімпазы!
OLIMPBET-Қазақстан Суперкубогының жаңа форматтағы турнирі аяқталды. Жарысқа өткен жылдың төрт үздік командасы қатысты.
Бардық ойындар жаңадан салынған «Түркістан Арена» стадионында өтті. Коронавирус салдарынан орын алған ұзақ үзілістен кейін жанкүйерлер трибуналарға қайта оралып, барлық ойындарда нағыз футбол мейрамы орын алды.
Финалда қостанайлық «Тобыл» мен елордалық «Астана» кездесті. Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. «Тобыл» сапында кездесудегі алғашқы голды Сергей Малый соқты, алайда кездесудің соңғы минуттарында Марин Томасов айып добын жоғары шеберлікпен орындап, Мокин қақпасына қарымта голды соқты.
Турнир регламенті бойынша негізгі уақыт тең есеппен аяқталса, ойыннан кейінге пенальти топтамасы өтеді. Футбол лотериясында қостанайлық команданың бағы жанды. «Тобыл» ойыншылары барлық 5 пенальтиді орындаса, «Астана» бір қателік жіберді.
Турнирдің жеңімпазы мен финалисін Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділбек Жақсыбеков және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев марапаттады.