KZ
KZ RU
05 қазан 2019 11:26

Қуаныш Қабдолов: «Жақсы ойын көрсетіп, жеңіске жетеміз деп ойлаймын»

05 қазан 2019 11:26

«Атырау» командасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Қуаныш Қабдолов Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының баспасөз қызметіне берген сұхбатында Қазақстан Кубогының финалында жеңіске жетудің жолдары туралы сөз тарқатты.

- Қазақстан Кубогының финалына команданы дайындайтын болдыңыз. «Атырау» футбол клубында бірнеше жылдан бері еңбек етіп жүрсіз. Әрқашан қиын сәтте көмектесуге дайынсыз...

- «Атырау» командасының менің жүрегімде алар орны бөлек. Туған қалам, туған клубым. Әрқашан көмектесуге дайынмын. 2009 жылдан бастап футбол клубында жұмыс істеймін. Бапкерлік қызметтің барлық сатысынан өттім. Команданың игілігі үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын.

- Көптеген тәжірибелі мамандарға көмектесіп, олардың жаттықтырушылар штабына ендіңіз. Бас бапкер болуды армандайсыз ба?

- Армансыз адам болмайды. Қайрат Айманов, Анатолий Юревич, Владимир Никитенко, Вахид Масудов, Иван Азовский сынды беделді бапкерлерге көмектесіп, мол тәжірибе жинадым. Олардың әрқайсысының ойын философиясы бар. Кез келген қызметте жұмыс істеуге дайынмын. Ең бастысы клубтың табысқа жеткені маңызды.

 - Команданың ойын үлгісін түбегейлі өзгертесіз бе? Жаңа жаттығулар енгізесіз бе?

- Әрине, ойынды ұйымдастыру мен жаттығу процесінде өзгерістер болады. Ойынды түбегейлі өзгертуге уақыт аз. Алайда, ойынды жақсартып, сапалы футбол ұсынуға ұмтыламыз.

 - 2017 жылы Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Кубогының финалында командаға жетекшілік еттіңіз. Тәжірибеге сүйеніп, шешуші ойында жеңіске жетудің жолдарын білетін шығарсыз? Шәкірттеріңіз «Қайсар» командасынан басым түсе ала ма?

- 2017 жылы өткен финалда жіберген қателіктерден сабақ шығарамыз. Жанкүйерлер мен аймақ алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын түсінемін.

 - «Атырау» мен «Қайсар» биыл екі рет жолығып, бір-бірден жеңіске жетті. Соңғы ойыннан кейін көп ой түйген боларсыз? «Атыраудың» қақпасына үш гол соққан «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Тигран Барсегянға көп көңіл бөлінеді ме?

- «Қайсар» командасының құрамы жақсы жиналған. Бас бапкерімен бірге еңбек еттім. Барсегян – кәсіби футболшы. Соңғы ойында біздің қорғанысты жиі мазалады. Ойынға мұқият дайындалып, қарсыластың мығым тұстарын тоқтатуға тырысамыз.

 - «Атырау» финалда қатарынан екі рет жеңіске жете алмады. Бұл жағдай команданы ынталандыра түседі ме?

- Ойыншыларға қосымша күш беретіні сөзсіз. Финалға тыңғылықты дайындық жүргіземіз. Жақсы ойын көрсетіп, жеңіске жетеміз деп ойлаймын. Футболшыларыма сенемін!