KZ
KZ RU
23 қазан 2013 13:58

Виктор Кумыков: «Алкмаар» сапында әлсіз ойыншы жоқ»

23 қазан 2013 13:58

— Алдағы кездесу біз үшін өте маңызды. Топтан шығуға шамамыз келе ме, жоқ па, барлығы осы ойыннан кейін белгілі болады. Сондықтан, эмоцияналдық тұрғыда ауыр матч болмақ. Дегенмен, дайындығымыз жаман болған жоқ. Енді барлығын алаңда көрсетуге тырысамыз.
 
— Дик Адвокат кезінде Ресей ұлттық құрамасын жаттықтырып, сәтсіздікке бой алдырған. Ресей азаматы ретінде осы бапкерден Ресей ұлттық құрамасы үшін өш алғыңыз келе ме?
— Алдымен өз жанкүйерлеріміз үшін жеңіске жеткіміз келеді. Шынымды айтсам, тіпті сіз айтып отырған нәрсе есімде де жоқ. Ресей құрамасы үшін Адвокаттан кек алу туралы ойланбаймын да.
 
— Соңғы кездесулерде команда ойынның соңғы минуттарында қақпасына жиі гол жіберіп алатын болып жүр. Соның кесірінен біраз ұпайдан айрылып қалдыңыздар. Бұл мәселені шеше алдыңыз ба?
— Бұрын бізде мұндай болмайтын. Түздегі кездесулер өз алдына, өз алаңымызда соңғы минуттарда гол жібермейтінбіз. Десек те, мұның барлығы өткінші нәрсе деп ойлаймын. Команда енді соңғы минуттарда сауаттырақ ойнап, гол жібермеуі тиіс.
 
— "Кеншілер" сапында ертеңгі ойынға қатыса алмайтын футболшылар бар ма?
— Негізі, ойыншылардың біразында микрожарақат бар болатын. Бірақ ертеңгі кездесуге жігіттердің барлығы да дайын.
 
— Ал қарсылас команданың сапынан кімді атап өтер едіңіз?
— АЗ — өте азулы команда. Оларда шебер ойыншылар өте көп. Бірақ, шыны керек, бұл ұжым бірінші ретте команда ретінде мықты. Әлсіз футболшылар мүлдем жоқ
 
— «Маккабимен» болған кездесуден кейін көптеген мамандар «Шахтер» футболшыларына эмоцияналдық тұрғыда шаршап қалған деген баға берді...
— Кейде шынымен де солай ма деп ойлаймын. Бұл әсіресе ұлттық құрама сапында өнер көрсететін футболшыларда қатты байқалады. Ұлттық құрамалары жеңіліп қалса, көңіл-күйлері де болмайды. Сосын бұл клубқа да әсер етеді. Дегенмен, біз бұл тұрғыда да жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
 
— Еурокубоктық додада жастарды сынап көруге де болады. Жалпы, "Шахтердің" жастары мұндай деңгейдегі ойындарға қатысуға дайын ба?
— Ойынның барысына қараймыз ғой. Бұған дейін солай жасағанбыз. Осының алдындағы еурокубоктық кездесуде де жастарды алаңға шығарып көргенбіз. Жалпы, біздегі жастарды жас деп айтуға да келмейді. Голландиялық өлшем бойынша бұлар баяғыда-ақ тәжірибелі хас шеберлерге айналуы тиіс еді. Голландияда негізінен осындай жастар жарқылдап жүр. Біздің де жастар солардан үлгі алулары тиіс. Дегенмен, біздің жастарға әлі де талай еңбектеніп, алдымен мықтылықтарын ел біріншілігінде дәлелдеулері керек.


Автор: Әнуар Әбдірахманов

sports.kz