KZ
KZ RU
19 тамыз 2013 16:03

Виктор Кумыков: «Cелтикті» жеңу үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз»

19 тамыз 2013 16:03

— Бізді өте ауыр ойын күтіп тұр. "Селтиктің" еурододадағы тәжірибесі зор. Тіпті, турнир жеңімпазы атанған команда. Дегенмен, алдағы ойында біз де бар өнерімізді көрсетеміз. Жеңіс үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз.

— Кумыков мырза, қарсыласыңызды қаншалықты зерттей алдыңыз?
— Біз "Селтиктің" биылғы Чемпиондар лигасындағы барлық ойынын қарадық. Сондай-ақ, "Ливерпульмен" болған кездесуін де тамашаладық. Өте қарымды команда екен. Қосалқы құрамында да мықты жігіттер көп. Әлбетте, олардың бізге қарағанда әлдеқайда шебер екенін түсінеміз. Алайда, футболда әрқашан мықтылар жеңіске жете бермейді. Олардың ойыны сәл дөрекілеу. Допқа таласта өздерін де, қарсыласын да аямайды. Біз үшін сол жағы қиын болайын деп тұр.

— Бұл ойынға барынша дайындалдық. Көптеген ойындарын қарадық. Жалпы, "Шахтер" футболшылары алдағы ойынға тас-түйін дайын, - деп қосып өтті команда капитаны Андрей Финонченко.

— Виктор Балютович, "Шахтер" кем дегенде Еуропа лигасына жолдама алып тұр. Қалай ойлайсыз, "әйтеуір, еурододада ойнаймыз ғой", - деп "Селтикке" қарсы текетіресте футболшыларымыз босаңсып қалмай ма?
— Мен олай ойламаймын. Керісінше, басты мақсатымызға жеттік. Енді жоғалтар ешнәрсеміз жоқ. Футболшылар алаңдамай, еш қорықпай, алға ұмтылатын болады.

— Андрей Финонченкоға сұрақ. Ертең Қарағандыдан жанкүйерлер легі көп келеді деп күтілуде. Жанкүйерлерден не күтесіз?
— Мұндай деңгейдегі ойында жанкүйерлердің қолдауы өте маңызды. Ертең ойында бізге тек Қарағанды ғана емес, бүкіл Қазақстан жанкүйер болатыны сөзсіз. Стадион толып отырса екен деймін.

— Бас бапкерге сұрақ. Виктор Балютович, бүгін команда құрбан шалып, қой сойды. Бірақ, "Скендербеумен" болған ойынның алдында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткен жағдайда ғана құрбан шаламыз деп айтып едіңіз...
— Біз тек дәстүрді сақтаймыз. Жігіттер плей-офф кезеңі жаңа асу деп шешті. Сондықтан, дәстүрді бұзуды жөн көрмедік.

Шотландиялық журналистің сұрағы:

Ол қандай дәстүр? Толығырақ айтып өтсеңіз...
— Бұл құпия, - деп жауап берді Кумыков.

— Андрейге сұрақ. Енді бір әуп деп жіберсеңіздер Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтесіздер. Команданың ішкі атмосферасы қалай болып жатыр?
— Чемпиондар лигасындағы жорығымызды енді ғана бастағанымызда, шыны керек, жігіттердің ешқайсысы да мұншалықты ұзаққа шабамыз деп ойлаған жоқ. Сосын БАТЭ-ні артта қалдырдық, "Скендербеуден" сүрінбей өттік. Қазір жігіттер өздеріне бек сенімді. Алынбас қамалдың жоқтығына көз жеткіздік. Ертең "Селтикті" жеңу үшін жігіттер бар өнерлерін ортаға салатын болады.

— Андрей, егер Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтер болсақ, бас бапкерлеріңіз Виктор Кумыков темекіні қоямын деп уәде берді. Ал сіз қандай уәде бересіз?
— Білмеймін, шашымды тақырлап алып тастайтын шығармын.

«Шахтер» футбол клубының баспасөз қызметі

shahter.kz