Виктор Кумыков: «Күн райының жайсыздығы бізге көмек болды»
— Виктор Балютович, өткен оқу-жаттығу жиынының алдында сіз команда құрамы толық жасақталып қойды деп айтқан едіңіз...
— Иә, рас. Жаңа маусымға құрамды жасақтап болдық. Жаңа ойыншылар іздеп жүрген жоқпыз. Ойын жүйемізді ретке келтірудеміз.
— Көкеевтердің үлкені Жігер де "Шахтерде" жаттығып жүр еді. Демек, биыл командадан Көкеевтер дуэтін көреді екенбіз ғой?
— Иә, Жігер бізбен бірге жиындарға қатысты. Өзін жақсы жағынан көрсете білді. Бірақ ол "Шахтердің" сапына қосылмайды. Бірақ оның шебінде, яғни қорғаныстың оң қапталында бізде Александр Симчевич пен Михаио Габышев бар. Ал Жігер секілді ойыншыны қосалұы құрамда ұстап отырғаннан ешнәрсе ұтпаймыз. Оның үстіне, оның да басқа командалардан ұсыныстары бар. Айтпақшы, бұл шепке "Екібастұзда" ойнаған Айменовты да тексеріп көогенбіз. Алайда онымен де келісімшартқа отырған жоқпыз.
— Ал басқа жаңа ойыншыларыңыз жайлы не айтасыздар?
— Бұрын басқа командаларда жалға ойнаған Ахмеев пен Шацкий клубымызға қайта оралды. Алғашқысының ойын өрнегі шынын айтқанда көңілімізден шықпады. Біз оны қайтадан жалға бермекшіміз. Қазір бұл мәселемен спорт директоры айналысуда. Шамасы, ол енді келесі маусымды "Іле-Сәулет" клубында өткізетін секілді. Қақпашыларымыздың жайын Ткачук келгесін анықтаймыз. Оған өзге командалар құда түсіп жатыр. Өзге клубқа ауысып кетуі де мүмкін. Егер олай болса, біз Шацкийді өзімізде қалдырамыз. Өткен жиында сынақта болған украиналық Гриппа да көңілімізден шыққан жоқ. Ал Малый мен Фомичевті келесі жиынға қайта шақырдық. Әлеуеттерін тағы бір байқап көреміз.
— Екінші жиын барысында Анталияда күн райы жайсыз болғаны белгілі. Ауа-райының жайсыздығы команданың дайындығына қалай әсер етті?
— Бізге ол мүлдем кедергі келтірген жоқ. Жоспардағының барлығын жүзеге асырып, барлық жолдастық кездесуімізді өткіздік. Ауа-райы қайта көмегін тигізді. Футболшылардың қаншалықты жігерлі екендіктерін көрдік.
— Ендігі жоспарларыңыз қандай?
— Ақпанның 3-інде келесі жиынымызды бастаймыз. Алғашында Анталияда 15 ақпанға дейін боламыз деп ойлағанбыз. Бірақ тағы бес күнге ұзартуды жөн көрдік. Өйткені, әу баста 20 ақпаннан бастап Астананың "Астана-Аренасында" соңғы жиынымызды бастаймыз деп ойлап едік. Алайда ол кезде стадион жабық болады екен. Сондықтан, Астанадағы жиынымызды 25 ақпанда бастайтын болдық. Онда да бас кезінде "Евразия" кешенінде жаттығамыз да, "Астана-Аренаға" 28 ақпанда ауысамыз.
— Жалпы маусым басталғанша қанша жолдастық кездесу өткізесіздер?
— Ақпанның 4-інде Пермь қаласының "Амкарына" қарсы ойнаймыз. Сосын Польшаның екі клубымен кездесеміз: 6 ақпанда "Ягелониямен" ойнасақ, 8-інде "Рухпен" жолдастық кездесу өткіземіз. 10 ақпанда Ташкенттің "Бунедкорымен", тағы төрт күннен кейін Польшаның "Лехімен" доп тебеміз. 19 ақпанда тағы бір ойынымыз бар. Бірақ қарсыласымыз әлі белгілі болған жоқ.
Думан Балықбаев
www.sports.kz