KZ
KZ RU
22 қараша 2012 15:06

Владимир Вайсс "Қайраттың" тізгінін ұстады

22 қараша 2012 15:06

«Бапкерлік ғұмырымның сәтті өрбігені үшін «Қайрат» командасына мәңгілік қарыздармын». Алматылық клубпен келісімшартқа отыру үшін кеше оңтүстік астанамызға табан тіреген словакиялық маман Владимир Вайсс баспасөз мәслихатындағы алғы сөзін осылай бастады. Кезінде өзінің бапкерлік ғұмырының сәтті өрбуіне мұрындық болған клубқа енді қарызын еселеп қайтармақ.



Ұшақтан түсе сала бірден қала әкімшілігіне жол тартқан Владимир Владимирович алдымен Алматы әкімі Ахметжан Есімовпен кездесіпті. «Қайрат» футбол клубы бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев болашақ бапкерді бірінші ретте шаһар басшысымен таныстырып алғанды жөн көрген екен. Одан кейін клубтың базасына келіп, жағдайды бағамдап алғаннан кейін түске таман баспасөз мәслихаты да ұйымдас­тырылды.

«Бірден айтып өтейін, келісімшартқа әлі қол қойылған жоқ, – деп бастады баспасөз мәслихатында алғаш болып сөз алған Қайрат Советайұлы. — Вайсс бірінші кезекте клубтың жағдайымен толық танысып алмақшы. Бапкерлер құрамымен кездеспек, футболшылармен таныспақ, ел футболын бағамдап алмақ. Содан кейін ғана келісімшартқа қол қойылатын болады. Дегенмен Владимир Владимировичтің өзі команданы қолға алуға құлық танытып отыр. Біз де осы маманға тоқтадық. Келісімшартқа қол қою рәсімі – тек уақыттың еншісіндегі шаруа».

Дегенмен бақылау кеңесінің төрағасы Вайсстан өзге мамандармен де келіссөздер жүргізгенін жасырған жоқ. Бірақ олардың барлығы бүгінде бір-бір клубтың тізгінін қолдарына ұстап тұрғандықтан, ешқайсы­сының да есімдерін атауды жөн көрмеді. Бірақ барлығының да еңбектері жанған жаттықтырушылар екенін атап өтті.



– Жаңа жаттықтырушыны екі ай іздедік. Таңдауымыздың Вайсқа түскен себебі: ол біздің футболмен жақсы таныс. Ресей футболында жұмыс істеп, Раменск қаласының «Сатурн» клубын жаттықтырған. Орысшаға да судай. Ал тіл мәселесі Қазақстан үшін өте маңызды, – деді Қ.Боранбаев.

Егер қалатыны нақты болса, келісімшарт үш жылға жасалмақ. Бұл – екі тараптың да қалауы. Бізді де қуантқаны осы болды. Өйткені, шыны керек, бір жылда бапкердің команданы жоғары дәрежеге көтеріп үлгермейтіні белгілі. Оған талай рет көзіміз жетті. Дәлелдер де жетерлік. Мәселен, ресейлік маман Вячеслав Грозныйдың жаттықтыруымен Қостанайдың «Тобылы» ел біріншілігінде нашар ойнаған жоқ. Бірақ оған бір-ақ жыл мүмкіндік берілді. «Ордабасыны» жаттықтырған молдовалық маман Виктор Пасуль­коның жағдайы да осыған ұқсас. Ал тұрақтылықтың командаға береке беретінін «Ақтөбе» мен «Ертіс» жақсы дәлелдеді. Қайта бұл тұрғыда «Тараз» футбол клубының басшылары дұрыс шешім қабылдады. Өткен маусымда киелі қаланың командасын өрге сүйреген серб маманы Любко Петровичпен тағы бір жарым жылға келісімшарт жасасқанын жанкүйер біткеннің барлығы қуана қабылдағаны рас. Вайсс та Алматыда ұзағырақ тұрақтағысы келетінін жасырмады.

– Үш айда команданы бәсекеге қабілетті етіп баптап шығаратындай сиқыршы емеспін ғой. Ол үшін уақыт керек. Үш жылдық келісімшартты ұсынғанына қуанып отырғаным сондықтан. Футболшылармен де ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалуы тиіс деп есептеймін. Өкінішке қарай, «Қайратта» да қарымды ойыншылардың біразы бір-ақ жылдық келісімшартқа отырған екен. Осы мәселені ретке келтіру қажет. Егер ортақ келісімге келіп, келісімшартқа қол қойып жатсақ, онда команданы биіктерге шығару үшін барымды саламын, – деді Владимир Вайсс.



Словакиялық маманның сөзінен аңғарғанымыз: ол жасыл алаңда 3-4-3 және 4-2-3-1 жүйесімен ойнағанды ұнатады екен. Жалпы, «Қайраттан» бөлек, Владимир Владимировичте өзге командалардан ұсыныстар болған. Солардың бірі — ғаламтор сайттарында жарияланған «Мордовия» клубы. Оны Вайсс бапкер былай деп түсіндірді:

«Екі-үш ай жұмыссыз жүргендіктен, ұялы телефоныма тыным болмады. Күнде үш-төрт команданың өкілдері хабарласып жатты. «Мордовиядан» да шақырту болғаны жасырын емес. Дегенмен, міне, Алматыға келіп тұрмын. Демек, мені «Қайраттың» қызықтырғаны ғой».

Иә, Владимир Вайсс қазақ футболының жанкүйерлеріне жақсы таныс. Естеріңізде ме, 2005 жылы Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің аясында «Қайратпен» Словакияның «Артмедиасы» кездесіп, Алматыдағы ойында 2:0 есебімен жеңген жерлестеріміз түзде де керемет ойнап, тек қосымша уақыттың аяқталуына 15 секунд қалғанда шешуші голды жіберіп алған. Міне, сол кезде «Артмедианы» осы маман жаттықтыратын. «Қайратты» жеңгеннен кейін Шотландияның «Селтигінен» де басым түсіп, еурододада біраз межеге дейін жеткен еді. Соның арқасында кейін Словакия ұлттық құрамасын да жаттықтырып, 2010 жылғы әлем біріншілігіне шығарған. Азулы Италия құрамасының өзін тізе бүктірген. Бір сөзбен айтқанда, «Қайратқа» қарсы ойыннан кейін Вайсстың тасы өрге домалаған. Оны өзі де мойындайды.



– Менің жолымды ашқан «Қайрат» болды. Егер әлгі қосымша уақыттың соңғы 15 секундында соғылған гол болмағанда менің былайша атақты болуым екіталай еді. Сол үшін «Қайратқа» мәңгілік қарыздармын және де соны өтеу мақсатында қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, – деп ағынан жарылды словак маманы.

Енді Вайсстың «Қайратта» қалу-қалмауы алдағы аптада шешілуі тиіс. Дегенмен қос тараптың сөздерінен аңғарғанымыз: клуб пен бапкер бірін-бірі тапқан секілді.