07 ақпан 2014 15:58
Юрий Красножан - Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері
07 ақпан 2014 15:58
"Өздеріңіз білесіздер, биыл күзден бастап Қазақстан ұлттық құрамасы "Еуро-2016" іріктеу додасындағы ойындарын бастайды. Наурыздың 1-і күні ұлттық құрама Түркияда оқу-жаттығу жиынын бастайды. Наурыздың 5-і күні Қазақстан биылғы жылдағы алғашқы матчын өткізіп, Литва ұлттық құрамасымен жолдастық кездеседі.
Түркиядағы жиыннан бастап ұлттық құраманы жаңа бапкер жаттықтыратын болады. Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері ресейлік маман Юрий Анатольевич Красножанды таныстырғаныма қуаныштымын.
Красножан PRO жаттықтырушылық лицензиясына ие. Өте білікті маман. Жиырма жылдық бапкерлік тәжірибесі бар. Нальчиктің "Спартак" клубындағы жетістігінің арқасында таныла бастаған. Кейін Юрий Красножан өз дарындылығы арқасында «Локомотив» (Мәскеу), «Анжи» (Махачкала), «Кубань» (Краснодар), «Терек» (Грозный) клубтарында қызмет атқарған. Сондай-ақ, 2011-2012 жылдары Ресейдің екінші құрамасын баптаған.
Біз бірнеше үміткерлерді қарастырып, Красножанның кандидатурасын жөн деп таптық.
Біріншіден, Красножан орта деңгейлі футболшылармен жұмыс жасай біледі. Мәселен, Нальчиктің "Спартак" клубын жаттықтырып, ешкімге белгісіз футболшылармен биік жетістіктерге жете білген.
Екіншіден, Красножан орыс тілін жақсы білетін маман. Посткеңестік елдердің менталитетін де жақсы біледі.
Үшіншіден, Красножан тактикалық нюанстарды жетік меңгерген. Керемет тактикаларының арқасында оның командалары азулы қарсыластарына қарсы лайықты жауап қата білген.
Келісімшарт 2+2 жүйесі бойынша қойылды. Яғни, екі жылда Красножан команданы жаңа деңгейге шығара білсе, онда келісімшарты тағы екі жылға ұзартылады".
Басқа жаңалықтар