KZ
KZ RU
21 мамыр 2012 13:44

Қызық енді басталды

21 мамыр 2012 13:44

 Премьер-Лига
11-тур, 20 мамыр

 

 

«Қайсар» — «Астана» 0:1

Гол: Дмитренко, 78.

  Турдың шымылдығы Қызылордада түрілді. "Астананы" қабылдаған жергілікті "Қайсар" алаңда белсендірек болды. Ал "Астана" өз кезегінде бойшаң жігіттеріне сенген. Дегенмен, шабуылшылардың шамасы жетпеген нәрсені қорғаушы Виктор Дмитренко орындады.
 


«Ордабасы» — «Ертіс» 2:1
Голдар:
Мвесигва, 25. Мвесигва, 53 — Бақаев, 16.

  Ең қызықты ойын Шымкентте өтті. Павлодардың "Ертісін" қабылдаған "Ордабасы" 16-шы минутта-ақ қақпасына гол жіберіп алады. Дегенмен, Уганда құрамасының капитаны Эгдрю Мвесигва екі гол соғып, алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Бұл жеңіс "Ордабасыны" көшбасшылар қатарына қосса, "Ертіс" үздік үштіктен шет қалды.
 


«Тараз» — «Тобыл» 1:0
Гол:
 Перич, 51.
Ойынның 66-минутында Богданов (То) алаңнан қуылды.

  Қостанайдың "Тобылы" жанкүйерлерін қуанта алмады. "Таразға" қарсы Вячеслав Грозный шәкірттері екінші нөмірмен ойнады. Бұл алаң иелеріне де қол болып, Любо Петрович шәкірттері ойында бастан-аяқ шабуылдаумен болды. Толассыз шабуылдар ақыры нәтижесін беріп, Иван Перич тараздықтарды алға шығарды. Ал Анатолий Богданов алаңнан қуылғаннан кейін "Тобылдың" жеңбек түгілі, есепті теңестіруге де шамасы келмей қалды.
 


«Сұңқар» — «Шахтер» 0:2
Голдар:
 Финонченко, 85. Көкеев, 90+3-пенальтиден.

  "Шахтер" өзінің фаворит екенін танытып, бірден шабуылға көшті. Бірақ қонақтардың толассыз шабуылы бірден нәтиже берген жоқ. Көрермендер голды соңына дейін күтті. Тек, гол жергілікті жанкүйерлерге қуаныш сыйлаған жоқ. Голды қонақтар соқты. Андрей Финонченко есеп ашса, Жамбыл Көкеев пенальтиден есепті еселеді.
 
 

«Жетісу» — «Оқжетпес» 1:0
Гол:
 Марич, 90+3.
 
Биылғы маусымда жолы бір болмай-ақ қойған "Жетісу", әйтеуір өз алаңында жеңіске жетті-ау. Матчта бастан-аяқ шабуылдаумен болған талдықорғандықтар төреші қосқан төрт минуттың үшіншісінде есеп ашты. Ойынның соңына таман алаңға шыққан Горан Марич допты қақпаға шегедей қадады. Дегенмен, "Оқжетпеспен" қатар, "Жетісу" әлі аутсайдерлер қатарында.
 


«Ақтөбе» — «Атырау» 1:0
Гол: 
Хайруллин, 56.

Ақтөбеде өткен бастыстық дербиде алаң иелері әзер дегенде жеңіске жетті. Әдеттегідей Владимир Мұқанов шәкірттері толығымен ойын тізгінін өз қолдарында ұстап, соңына дейін шабуылдады. Өзінің сұрмергендік қасиетін есіне түсірген Марат Хайруллин алаң иелеріне үш ұпай әперді.
 


«Ақжайық» — «Қайрат» 1:2
Голдар:
 Хаман, 60 — Недашковский, 84. Йованович, 85.

Қарағандыда жеңіліске душар болған «Ақжайыққа" қайткен күнде де жеңіс керек еді. Сондықтан болар, оралдықтар қатарынан шабуылдар ұйымдастырып, қонақтардың қақпасын әбден піспектеді. Ақыры дегендеріне жеткен. Борут Семлердің әуелете асырған пасын Саджо Хаман қақпаға баспен дәл тоғытты. Сонымен, ойын алаң иелерінің жеңісімен аяқталуы керек болатын. Алайда екі минуттың ішінде қатарынан екі гол соққан алматылықтар оңтүстік астанаға үш ұпай алып кетті.

 


Автор: Александр Шатов