16 тамыз 2013 17:54
Жаңа бағыттар – жаңа сынақтар
16 тамыз 2013 17:54
Естеріңізге сала кетейік, енді 12 клуб екі топқа бөлініп, үздік алтылық жүлделі орындарға таласса, қалған алтауы Премьер-лигадағы өз орындарын сақтап қалуға жанталасады. Бұл жүйе бұрын да Қазақстан футболында қолданылып, ойыншылардың да, мамандар мен көрермендердің де көңілдерінен шыққан.
Орталық кездесу елордамыздың "Астана-Арена" стадионында өтеді. Жергілікті "Астана" Қарағандының "Шахтерін" қабылдайды. "Кеншілер" бұл кездесуге негізінен екінші құрамын қосуы мүмкін. Өйткені, бірер күннен кейін "Шахтер" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі аясында Шотландияның "Селтигімен" кездеседі. Сол кезде футболшылары шаршап қалмас үшін, әрі Глазгодан келген тыңшыларға "Шахтердің" ойын мәнерін білдіріп қоймау үшін Виктор Кумыков осындай қадамға барып отыр. Дегенмен, кеншілердің екінші құрамы да қарымды. Жеңісті қолдан бере салмайды. Ал румын маманы Йоане Андонеге сенім артқан "астаналықтар" биыл қалайда ел чемпионы атануды көздеп отыр. Демек, "Астана-Аренадағы" матч өте қызықты өтеді деген сенім бар.
Еурокубоктағы екінші өкіліміз "Ақтөбе" Шымкентке қонаққа барады. Мұнда Владимир Никитенко шәкірттерін "Ордабасы" күтіп тұр. Биыл Виктор Пасульконың командасы кем дегенде үздік үштіктен көрінуге дәмелі. Сондықтан, әрбір ойында барын салары хақ. Ал "Ақтөбе" ше? Еміл Кенжесариевтің басындағы жағдай бүкіл командаға ауыр тиіп тұр. Жұдырықтай жұмылатын "Ақтөбе" жеңіске жетіп жатса, Емілге арнайтын болады.
Алматының "Қайраты" биыл Еурокубоктық додаға жолдама беретін орындардың бірінен орын алуға бар күштерін салатынын мәлімдеді. Жексенді күні өз алаңында Керекудің "Ертісін" қабылдайтын алматылықтар мақсаттарына жету үшін қолдарынан келгеннің барлығын жасайды. Дегенмен, "Ертіс" те жеңісті қолдан бере салмас. Еурокубоктық бәсекелерінен кейін ел чемпионатына кіріскен "Ертіс" биыл да жүлдегерлер қатарынан көрінуге тырыспақ.
Енді екінші алтылық жайында. Көпшілікті "Тобылдың" қазіргі ахуалы қызықтыратыны сөзсіз. Маусым басында үздіктер қатарынан көрінеміз деп желпінген команданың жеңіске деген жігерлігін енді байқайтын боламыз. Қостанайға осы турда Талдықорғанның "Жетісуы" қонаққа келмек. Бұл команданың да жағдайы мәз емес. Бір қадам шалыс басса, қауіпті аймақтан бір-ақ шығады.
Атырауда Батыс Қазақстан дербиі өтеді. Жергілікті қаламен аттас команда Оралдың "Ақжайығын" қабылдайды. "Атырау" аутсайдер алтылықтың көшін бастап тұрса, "Ақжайық" турнир кестесінде ең соңғы орында.
Ешкім де биыл "Тараз" аутсайдерлер қатарынан бір-ақ шығады деп ойламаған еді. Өйткені, былтыр бұлар ел чемпионатын өте сәтті өткізген. Енді олар қауіпті аймақтан шығудың бар жолдарын қарастыруда. Алдағы турдың аясында Өскеменге қонаққа барып, үш ұпайды қоржынға салуға тырысары хақ. Әйтсе де, Владимир Фомичев бастаған "Восток" та жеңіске шөлдеп жүр. Яғни, мұнда да жанкүйер қауымды тартысты ойындар күтіп тұр.
Сәкен Спанов, арнайы КФЛ сайты үшін
Басқа жаңалықтар