KZ
KZ RU
30 мамыр 2024 11:27
OLIMPBET КУБОК

Жартылай финал: Ақтөбе қаласының туған күніне арналған сыйлық

30 мамыр 2024 11:27

Футболдан 29 мамыр күні ОLIMPBET QFL Қазақстан кубогының алғашқы жартылай финалы Ақтөбе қаласының 155 жылдығына тұспа-тұс келіп, «Ақтөбе» клубы жанкүйерлеріне керемет сыйлық жасады.

 

«Тобыл» - «Атырау» - 1:0

Гол: Ахмед Эль-Мессауди, 40 минутта пенальти (1:0)

«Тобыл» клубы осы маусымда бірінші рет Орталық стадионда ойнады. Өз алаңындағы басымдықты пайдаланып, қостанайлықтар матч бойы тізгінді өз қолдарына ұстады. Олай дейтініміз, «Атырау» қарсылас қақпасына тура соққыны тек 66-шы минутта ғана жасай алды. Бірінші таймдағы басты оқиға пенальтиден соғылған гол болды. 39-шы Олжас Керімжанов айып алаңда Ислам Чесноковты жыққаны үшін пенальти белгіленді. Нәтижесінде Ахмед Эль-Мессауди сенімді түрде теуіп, есеп ашты. Бұл ойындағы ресми бір ғана гол болды. Себебі, екінші таймда «Тобыл» сапынан Жаслан Жұмашев дубль жасағанымен, ойын ережесін бұзғаны үшін екі голы да есепке алынбады. Қонақтардың да бір голы саналмады. Нәтижесінде былтырғы кубоктағы нәтиже тағы да қайталанды. Осы матчтан соң. Ахмед Эль-Мессауди 3 голмен «Ақсу» сапында хет-трик жасаған Асланбек Кәкімовты қуып жетті.

 

«Ақтөбе» - «Елімай» - 2:0

Голдар: Дорни Ромеро, 25 минут (1:0), Максим Самородов, 33 минут (2:0)

Бұл ОLIMPBET QFL Қазақстан кубогындағы жанкүйерлер асыға күткен матчтың бірі болды. Себебі, қос қаланың да тұрғындары осы маусымда әр кездесуде стадионды толтырып, соңғы минутқа дейін жалынды түрде қолдау көрсетеді. Жеребе нәтижесі бойынша алғашқы ойын 13 мыңнан астам жанкүйерді жинаған Ақтөбеде өтті. Бұл атмосфера қос тарапқа да әсерін тигізді. Оған дәлел, бірінші тайм барысында «Ақтөбе» клубының физикалық дайындығына жауапты маманның алаңнан қуылуы. Матчтағы екі гол да бірінші таймда соғылды. Енді Дорни Ромеро мен Максим Самородовтың маңызды голдары финалға шығу үшін жеткілікті болуы мүмкін. Екінші таймда семейліктер барынша алға ұмтылып, есепті қысқартуға тырысты. Бірақ алаң иелері де қарап қалмай, қарымта шабуыл жасап отырды. Тіпті 80-ші минуттарда қонақтардың қақпасына пенальти белгілене жаздады. Тек бас төреші VAR жүйесін қарағаннан кейін пенальтидің керегі жоқ екендігі жайлы шешім шығарды. Артынша «Елімай» шабуылшысы Шина қақпа бағанасына тигізді. Бұрыштамадан кейінгі соққысын да қақпашы қайтарды. Нәтижесінде «Ақтөбе» өте қолайлы 2:0 есебімен жеңіске жетті.

 

ОLIMPBET QFL Қазақстан кубогы жартылай финалының қарымта ойындары 19 маусым күні өтеді. Атырау мен Семейдегі матчтар сағат 20:00-де басталады.