«Жас Қанат» стадионы футбол маусымын жалғастыруға дайын
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионатына ойындарды өткізуге рұқсат беру мақсатымен стадиондарды тексеруді бастады. Бұл шара отандық ареналарда COVID-19 вирусының таралуының алдын алу Протоколының талаптарына сәйкестігін және футбол алаңдарының жағдайын тексеруге бағытталған.
Тексерістен өткен келесі стадион – «Каспий» футбол клубының негізгі ойын алаңы «Жас Қанат». Футбол маусымы басталмас бұрын аренаның басшылары стадионның жалпы инфрақұрылымын қойылған талаптарға сай жөндеді. Яғни, алаңды қоршап тұрған бетонды жарлар арнайы жұмсақ маталармен қапталды, алаңның жиегіндегі техникалық аумақ көлемі үлкейтілді, басты трибунада тікелей көрсетілім жасауға арналған орталық және офсайдты түсіруге арналған платформалар орнатылды. Соңғы аптада қатаң санитарлық талаптарға сай Чемпионатты жалғастыруға арналған жұмыстар жүргізілді.
Чемпионаттың наурыз айында өткен ойынынан кейін, стадиондағы жасанды төсеніштің сапасына қатысты наразылық айтылды. Стадион басшылығына алаң сапасын көтеру мақсатында бірнеше ұсынымдар жасалды. Егер футбол маусымының барысында алаң сапасы төмендейтін болса, КФФ алаңдарды тексеру Комиссиясы бұл стадионда Чемпионат ойындарын өткізуге тыйым салады.
Сапар барысында тексерістен өткен екінші объект – ол Жаңаөзен қаласындағы Әмина Тұяқова атындағы стадион. Осы жылы бұл стадионда жаңарту жұмыстары жоспарланғаны белгілі болды: яғни, бұл аренада жасанды төсеніш ауыстырылады және трибунада жаңа орындықтар орнатылады. Аталған жұмыстар аяқталысымен бұл стадион OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионатының ойындарын қабылдап, «Каспий» футбол клубының қосалқы аренасы атануы жоспарда бар.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев Маңғыстау облысына жасаған сапарды қорытындылады:
- «Каспий» бірнеше жылдан кейін Қазақстан Чемпионатына қайта оралды. «Жас Қанат» стадионнын жақсарту мақсатымен аудан басшылығы ауқымды жұмыс атқарды, инфрақұрылымға қатысты барлық ескертулер жойылды. Бірақ жасанды тұсенішке байланысты сауал ашық қалуда. Әрине, біздер OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионатына қатысушы клубтардың ареналарында табиғи немесе жаңа талаптарға сай, футболшылардың денсаулығына зақым келтірмейтін жасанды төсеніштің болғанын қалаймыз. Сонымен қатар пандемия кезінде стадионды жаңарту жұмыстарын жүргізудің қиын екенін түсінеміз. «Астана Арена» стадионындағы жұмыстар қойылған мерзімге сай аяқталмауы мүмкін, және де Қарағанды қаласындағы аренаның жаңарту жұмыстары да созылуы ықтимал. Бірақ, еліміздің бірнеше облыстарында футбол объекттері өз инфрақұрылымын жақсартты, бұл отандық футболдың дамып жатқанының көрсеткіші.
Жалпы Маңғыстау облысын ерекше атап өткім келеді. Жаңаөзен қаласындағы стадионды жаңарту жұмыстары жоспарланған, бұл шаралар аталған стадионды «Каспий» футбол клубының қосалқы аренасы ретінде тіркеуге мүмкіндік жасайды. Жұмыстар аяқталған соң «Каспий» футбол клубы өзге қалаларда стадион іздемей, өз алаңындағы барлық ойындарды Маңғыстау облысында өткізуге тамаша мүмкіндікке қол жеткізеді. Содан соң «Жас Қанат» стадионындағы төсенішті міндетті түрде ауыстыру қажет. Қазір бұл төсеніш қанағаттандырарлық жағдайда, бірақ ол тек бір маусымға шыдайды. Маусым барысында жергілікті мамандар төсеніш сапасын әрдайым қадағалауы тиіс, бұл басты шарт.