KZ
KZ RU
19 шілде 2019 00:55

«Қайрат» пен «Ордабасы» Еуропа лигасының екінші айналымына шықты

19 шілде 2019 00:55

Алматылық «Қайрат» пен шымкенттік «Ордабасы» 2019/2020 жылғы Еуропа Лигасының алғашқы іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті. 

 
Боснияның «Широки Бриег» командасын өз алаңында қабылдаған алматылық «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ойынның тоқсаныншы минутында алаң қонақтары төреші белгілеген пенальтиден есеп ашты. Алайда, қайсарлық танытқан «Қайрат» футболшылары төреші қосқан қосымша төрт минут ішінде екі гол соғып, жеңісті жұлып алды. Рамазан Оразов пен Исламбек Қуат голдары жанкүйерлерге жеңіс сыйлады. 
 
«Ордабасы» футболшылары сырт алаңда Грузияның «Торпедо» командасымен жолықты. Ойынның аяқталуына он минут қалғанда Мирзад Механович ала допты қақпашыдан асырып, есеп ашты. Есепті шабуылшы Зиги Бадибанга еселеді. Қорытынды есеп - 2:0. «Ордабасы» жеңісі!
 
Қостанайдың «Тобылы» алғашқы асудан аса алмады. Нұр-Сұлтанда люксембургтік «Женесс» командасын қабылдап, тең тарқасты. Бірінші таймда қонақтар өз қақпасына абайсызда гол соғып алды. Алайда, екінші таймның ортасында «Тобыл» қақпасына белгіленген пенальтиден гол соққан «Женесс» келесі айналымның жолдамасына ие болды. 
 
УЕФА Еуропа Лигасының екінші айналымының ойындары 25 шілде және 1 тамыз күндері өтеді. Алматылық «Қайрат» Израиль елінің «Хапоэль» (Беэр-Шева) командасымен тартысқа түседі. Өз кезегінде «Ордабасы» чехиялық «Млада Болеслав» футболшыларымен ойнайды. Қазақстандық қос ұжым алғашқы ойындарын сырт алаңда өткізеді.